Ақтөбе су қоймаларын оттегімен байыту шаралары жүріп жатыр

Құзырлы мекеме мамандары мұз құрсауындағы көлдерде ойықтар жасауды қолға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл балықтарды 6 ай қыстан аман алып қалудың амалы. Соңғы уақытта өңірде қатты аяз болып, мұз қалыңдай түскен. Сондықтан су жәндіктерінің тұншығып қалу қаупі бар. Бірінші кезекте ағыны жоқ көлдер мен шағын тоғандар зерттеледі. Бетіндегі мұзын ойып, судың тереңдігі тексерілгеннен кейін құрамындағы оттегі көлемі анықталады. Мұндай шаралар облыс төңірегіндегі барлық су қоймаларда жүргізілуі тиіс.  

Илья Ли, "Тобыл-Торғай" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

- Қазір судағы оттегі көлемі 1 литрге 8-9 мг деңгейінде болуы тиіс. 4 мг-ға дейін түссе де, балықтарға қауіп жоқ. Мұз астында еркін тыныстай алады. Егер бұл көрсеткіштен төмендеп кетсе, балықтар қырылып қалады.