Шымкентте жылыту маусымы басталғалы бері газдан уланып, 6 адам қайтыс болды

Оның үшеуі өткен аптада түтінге тұншыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қайғылы жағдай дәл осы Спорт мөлтек ауданындағы көпқабатты үйде болған. Куәгерлердің сөзінше, 1967 жылы туған әйел адам мен оның 19 жастағы ұлы иісті газға уланып жан тапсырған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар да газ жабдығында ақау барын анықтады.

Сала мамандарының тексеруінен кейін су жылытқыш құрылғысы мен газ жабдығы дұрыс орнатылмағаны белгілі болды. Куәгерлердің сөзінше, қапыда қара жамылған отбасы өткен жылы да газға уланған. Ол кезде дәрігерлерді дер кезінде шықыртып, қажетті ем-дом уақытылы көрсетіліпті. Ал бұл жолы көршілерін аман алып қалу мүмкін болмады.

Александр Ничурин, көршісі:

- Олар бұған дейін де газдан уланған. Ол кезде жедел жәрдем қызметі жас жігітті аман алып қалған еді. Ал бұл жолы олай болмады. Мен есік бұзып кіргенімде көршілерімнің өлі жатқанын байқадым. Бірден терезелерді ашып, улы ауаны сыртқа шығаруға тырыстым. Әйтпегенде, 1 минут кешіксем, мен де есімнен танып құлайтын едім. 

Дәл осыған ұқсас жағдай өткен аптада Самал шағын ауданында да тіркелді. Өкінішке қарай, улы газға уланғандардың бірі көз жұмды. Газ саласының мамандары қарапайым қағиданы ұмыт қалдырудың соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтыру мүмкін екенін жиі ескертеміз дейді.

Елдар Қуандықов, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ филиалының бөлімі басшысының орынбасары:

- Тұтынушылардың басты назар аударатын нәрсесі, арнайы жабдықталған бөлмелерге орнату керек. Яғни, терезенің болуы, желдеткіштің болуы, егер қазандықтар мен су жылытқыш құрылғылар болса, мұржаның болуын міндетті түрде сақтау керек. Ауа ағымы үнімі айналып тұруын қадағалау керек. Ол бөлмелерге адам жатпау керек немесе жуынатын бөлмеде болмауы керек.

Апат айтып келмейді. Мамандар улы газдан келетін қауіпті болдырмас үшін оның алдын алу маңызды екенін айтады. Улы газдың таралуын анықтайтын құрылғы орнатып, жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік ережелерін күшейткен жөн.

Әлібек Ысқақов, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

- Қаламыздағы болып жатқан оқиғалардың статистикасына сүйенсек, басым бөлігі адамдардың аталған талаптарға немқұрайлы қарау салдарынан орын алып жатқандығын байқаймыз.

Жылыту маусымы басталғалы бері шаһардағы тұрғын үй секторында 29 өрт оқиғасы тіркелген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш анығұрлым жоғары. Тілсіз жаудан 41 отбасы зардап шеккен. Мамандар қыс қаһарына мінгенде өрт қаупі де ұлғая түсетінін ескертеді. Сондықтан сақтық шараларына баса мән берген жөн дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.