Қызылорда облысында сұйытылған газды сыртқа тасымалдауға шектеу қойылды

Оны қадағалау үшін облыстағы кіреберіс күре жолдарға полиция қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы кезекшілік ұйымдастырыла бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені өңірдегі газ таратушылардың сұйытылған газды өзге өңірлерге шамадан тыс тасымалдау әрекеттері байқалған. Аймаққа бекітілген лимит бар. Соның аясында сұйытылған газ бен дизель отыны тек облыс тұрғындарының игілігіне жаратылуы қажет. Облыс әкімінің осындай тапсырмасынан кейін полиция департаменті Түркістан, Арал, Жезқазған бағыттарындағы күре жолдарда бақылау шараларын күшейтті.

Қамбарбек Мүбараков, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Біраз шағымдар түсіп жатыр. Бізге жетіспей жатыр деген. Аймақ басшысы кәсіпкерлермен кездесті. Газдың ұрланатындығы айтылды. Сол себепті аяқ астынан құқық қорғау органдарын жинап, кезекшілік ұйымдастырылды. Мысалы, Түркістан бағытында бара жатқан газ таситын көліктер біздің аймақтан алып бара жатқандығы тіркелді.