Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында алғашқы мұз айдыны ашылды

Климаты құрғақ, қар түспейтін әрі өзендері құрғап жататын өңірдегі жас жеткіншектердің басым бөлігі коньки теуіп көрмеген. Осыны ескерген ауыл азаматы синтетикалық қардан керемет ойын алаңын тарту етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мұз айдынының ашылуын балалар асыға күтіп жүрген. Солардың бірі – 9 жасар Ерхан. Ол қолы босай қалса, сырғанаққа асығатынын айтады.

Ерхан Таубаев, оқушы:

- Маған өте ұнайды. Әзірге сырғанап білмеймін, бірақ үйренемін. Бұл жерде бәрі керемет қысы-жазы ойнауға болады.

Аумағы 300 шаршы метр жасанды мұз айдыны көзге шағын көрінгенімен, 10-15 бала еркін сырғанай алады. Конькиді енді ғана теуіп бастағандар үшін арнайы қорғаныш құралдары бар. Балалар үшін қауіпсіздік қарастырылған.

Аманжан Құсайынов, кәсіпкер:

- Бізде Құлсарыда қар жағы қиын болғандықтан, жасанды қарды да алып келдік. Сырғанағанда шын қардан айырмашылығы жоқ. Бұл синтетикалық мұз, нағыз балаларға арналған мұз деп айтсақ болады.

Құлсары қаласында «Балалар жылы» аясында көптеген игі істер атқарылды. Енді ел азаматтары бірлесіп, «Қамыскөл» жағалауынан балалар үшін жазғы демалыс орны ашуды жоспарлап отыр. Бүгінде 3 га жер телімі заңдастырылып, аттракционға қажетті құрылғылар әкелінуде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев.