Түркістан облысының Шардара ауданында көмір қымбаттады

Түркістан облысының Шардара ауданында көмір бағасы бірнеше есеге қымбаттады.

Қыс қаһарына мінген сайын қатты отынға деген сұраныс артқан. Осыны пайдаланған алыпсатарлар көмірдің тоннасын 45 мың теңгеге дейін көтеріп жіберген. «Оның өзін тапсаң аласың», - дейді шардаралықтар.

Көмір іздеп, көше кезген тұрғынның бірі – Күлаш Сапарбаева. Зейнеткер таңертеңнен бері көмір таппай жүргенін айтады. Қала ішіндегі бір көшеден қатты отын тиегенін көрген, бірақ ол оны сатпай қойыпты. «Күн суықта үйді көмірсіз жылыту мүмкін емес»,- дейді.

Күләш Сапарбаева, Шардара қаласының тұрғыны:

- Биыл көмір қымбат. 40-45 деп жатыр. 45-ке де бермеймін деп жатыр міне. Үйде екі мүгедегім бар. Көмірім қалмады. Көмір іздеп келсем, камазда көмір тұр сатылмайды дейді. Қыстың күні көмір бар, етіміз бар, жарық, суымыз бар. Ақша артылмайды, алтынды өткізіп, көмір алайық деп тұрмыз.

Қазір Шардарада жұрт көмір сататын орындарды күзетіп жүр. Себебі  қатты отынды ақшаға таппай жүргендерін айтады. Осылайша 80 мың халқы бар қала көмірсіз отыр. Ал көмір сатушылардың өз уәжі бар.

Ерғали Атабеков, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Жол тайғақ, солярка қымбат. Солярка жоқ былай айтқанда. Шардарада солярка жоқ. Барады да 250-ден құяды. Одан басына барады да, 4-5 күн жатады көмір ала алмай.

Көмір тапшылығын жергілікті билік біледі. Бірақ шешуге дәрменсіз. Шұбаркөлден көмір келмей, мәселе шешілмейтінін мойындап отыр. Өйткені биыл темір жолмен келетін қатты отынның көлемі күрт азайған.

Олжас Айдосов, Шардара қаласының әкімі:

- 2-3 көлікті Арыс қаласына ұйымдастырдық бүгінгі таңға. Негізі барлық топбаздарда кезек болып жатыр. Біздің барған камаздарымызды былай айтқан кезде онша кіргізбей, қайтып неғылып жатыр. Жетісайдан тасып жатырмыз, Сарыағаштан тасып жатырмыз.

Қазір тек Шардара қаласында ғана емес, облыстың бірнеше аудан-қаласында көмір тапшылығы бар. Өңір басшысы «Қыстың қамын жазда ойламаған» жауаптыларды жинап, көмір тапшылығын тез арада шешуді тапсырды. Мамандардың айтуынша, Түркістан облысына 17 мың тонна, яғни 242 вагон көмір келе жатыр. Тапшылық жақын күндері толық шешіледі деп сендіріп отыр.