Алматыға келген шетелдік туристер жарна төлейді

Енді олар қалаға келу құнына қосымша 5% ақы беруі керек. Мұндай ереже қалалық мәслихаттың 32-сессиясында бекітілді.

Ереже бойынша бұл жарнаны қонақ үй әкімшілігі қабылдап, кейіннен жергілікті бюджетке аударып отырады.

Қалалық мәслихаттың шешімімен қабылданған ереже туризм саласын дамытуға дем береді,-дейді мамандар. Мысалы, 2021 жылдың жарты жылында Алматыға 51 мың шетелдік турист келсе, 2022 жылдың алты айында 151 мың адам саяхаттап қайтыпты. Яғни өсім 2,8 есеге көп. Ковидтік шектеулер алынғалы бері әлемдік туризм саласы біртіндеп ес жиып келеді. Биыл Алматы әкімдігі осы туристік жарнадан бюджетке 2,3 млрд теңге түседі деп болжап отыр. 

Руслан Нұрлыбаев, қалалық Мәслихат депутаты:
- Болжам бойынша 2023 жылы Алматы қаласына 400 мың турист келеді деп жоспарлануда. Яғни, бұл туристік жарнадан түскен қаржы осы жергілікті қаламыздың туризмді жақсартуға бағытталған іс-шараларға жұмсалатын болады. Мұндай туристік жарна, мұндай тәжірибе дамыған мемлекеттерде бар.

Отандық туризм саласының сарапшылары болса, туристік жарнаның енгізілуі ертерек,-дейді. Мысалы, жарна мөлшері қонақ үйлердің құнымен байланысты болғандықтан ақша мөлшері үнемі құбылмалы болады. Ол қонақтар үшін қолайсыз. Сала мамандары, жарна тәртібіндегі кемшіліктерді түзеу үшін келесі жылға қалдыру керек,-дейді.

Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:
- Кез-келген адам төлем жасаған кезде оны растайтын түбіртек немесе құжат сұрайды. Ал жарна салық ретінде есептелмейтіндіктен мемлекеттік кірістер департаменті бұл қызметті көрсете алмайды. Бұл қаржылық тәртіптің талабына сай келмейді. Мұны туризм саласының мамандарымен талқылау керек еді.

Статистика бойынша, қалада 269 қонақ үй бар. Бөлмелердің орташа тәуліктік құны 29 мың теңге. Шетелдіктер көбінесе 4-5 күнге келеді. Егер қалаға келетін шетелдік туристердің саны азаятын болса жарна мөлшері де 5% төмендеуі мүмкін.