Жетісу облысында құтқарушылар апат болған жағдайда атқаратын жұмысы мен міндеттерін пысықтады

Биыл Жетісу облысына қар өткен жылғыдан мол түсті. Таулы аймақтағы ақ ұлпаның биіктігі қазір 70 см асады. Қардың қалыңдығына байланысты көшкін жүру қаупі туындап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Осы себепті облыстық Төтенше жағдай департаменті «Қазавиақұтқару» мекемесімен бірлесіп оқу-жаттығу жиынын өткізді. Құтқарушылар апат бола қалған жағдайда атқаратын жұмысы мен міндеттерін пысықтады.

Таулы аймақта қар көшкіні болып, тынығушылардың бірі табылмай жатыр. Оқу жаттығу осындай оқиғаға негізделді. Шақырту түскен соң апат орнына тікұшақпен арнайы мамандар жеткізілді. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қар астында қалған адамды іздестіру кезінде әрбір минут маңызды. Сол себепті құтқарушылар әуелі әуеден барлау жұмыстарын жүргізді. Аймақты да тізбектеліп шолып шықты. Қызметтік иттер де із кесіп, жоғалған адамның жатқан жерін анықтауға көмектеседі.

Жаппай іздестіру үш бағытта жүргізілді. Сан мәрте тиімділігін көрсеткен жұмыс аз уақытта өз нәтижесін берді. Табылған зардап шегушіге мейірбике алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Ғалия Шарапиева, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының мейірбикесі: 

- Қар астында қалған зардап шегушінің біріншіден тыныс алу жолдарын тексеріп және ес түсін біле ме, соны тексеріп, одан кейін қай жеріне зақым келді соны анықтап, таңып, одан кейін таудан түсіріп, бірден жеңіл ұшақ шақырып, жедел жәрдем орталығына жібереміз.

Жетісу Алатауының сілемдері Панфилов, Кербұлақ, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының аумағын алып жатыр. Биыл онда 70 см асатын қар түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 смге қалың.

Берік Найзабеков, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

- Оқу жаттығу мақсаты – «Қазавиақұтқару» мекемесімен жұмыс атқару. Құтқару бөлімшелерінің дайындықтарын пысықтау, қазіргі кезде қар көшкіні қауіпі кезеңі болғандықтан арнайы жұмыстарға дайын болу керек.

Жетісулық құтқарушылар бұндай жағдаймен нақты іс жүзінде бетпе бет келіп көрмеген. Есесіне олар осы қыстың өзінде көлігімен қар құрсауында қалған 50 ден аса жолаушыны құтқарып, отбасымен қауышуына септігін тигізді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов