Қазақстанда ресми түрде «креативті индустрия» деген ұғым пайда болды

Бұл салаға Мәдениет және спорт министрлігі жауап береді.

Алдағы уақытта ведомство жанынан арнайы департамент пен қор ашылуы мүмкін. Бұл туралы "Қазақ туризм" ұлттық компаниясының өкілдері айтты. Жалпы "креативті индустрия" дегеніміз - интеллектуалдық, шығармашылық және спорт арқылы ұлттық экономиканы дамыту. Осы арқылы мемлекеттің оң имиджін қалыптастыру. Дамыған елдерде креативті индустрия жалпы ішкі өнімнің 10 процентін құрайды. Өкінішке қарай, Қазақстандағы көрсеткіш өте төмен. "Осыған байланысты мемлекет тарапынан қаржылай және қаржылай емес қолдаулар қашан да қажет-ақ", - дейді ұлттық компания өкілдері.

Талант Рамазанов, заңгер:

- Осы қаңтардың басында креативті индустрия өкілдерін біз үлкен инвесторлармен жүздестірдік. Олар креативті индустрия арасынан 1-2 жобаны таңдап, нақты қаржылай көмек көрсетіп дамытпақшы.

Қайрат Сәдуақасов, "Kazakh tourism ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, "креативті индустрия" саласына 50-ден астам экономикалық қызмет түрі кіреді. Оның ішінде кино, музыка және сән саласынан бастап, қолөнер мен киберспортқа дейін бар.