БҚО-да заңсыз қоқыс үйінділері көбейді

Батыс Қазақстан облысында былтыр 318 қоқыс үйінділері анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең көбі облыс орталығы мен 2 ауданның аумағында жатыр. Экологтар бұған жергілікті атқарушы органдарды кінәлайды. Табиғат қорғаушылардың тікелей араласуымен мұндай орындардың тең жартысынан астамы жойылған. Ал экологиялық талаптарға атүсті қараған 27 ауыл әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 млн теңге көлемінде айыппұл төледі.

Мұрат Ермекқалиев, облыстық Экология департаментінің басшысы:

- Мұндай рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша Бөрлі ауданында жүргізілген жұмыстар нәтижесі көңіл көншітпейді. Анықталған 87 заңсыз қоқыс үйіндісінің тек 19-ы ғана жойылған. Аудандық прокуратураның ұсынысымен Бөрлі ауданы әкімі аппаратына жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.