СҚО-ның су айдындары жасанды түрде оттегімен байытыла бастады

Биыл табиғат жанашырлары аталған шаруаларды әдеттегіден ерте қолға алып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені көлдерде мұз қалыңдап, балықтардың тіршілігіне қауіп төнген.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бұл Шағалатеңіз көлі. Өңірдегі ең үлкен су қоймаларының бірі. Аумағы 5 мың гектарды құрайды. Биыл қар аз. Ал мұздың қалыңдығы 1 метрге дейін жуықтаған. Сондықтан мамандар қазір мұнда аэрация жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мұндай жұмыстар аталған көлде тұрақты түрде жүргізіледі. Себебі су маржандарына оттегі қажет. Табиғат жанашырлары болса арнайы құрылғының көмегімен мұз астындағы ауаның мөлшерін анықтауда. Көрсеткіш жаман емес.

Қаңтар-ақпан айларында қатқан мұздың астындағы оттегі таусыла бастайды. Әрі улы газды сыртқа шығару керек. Сондықтан жер-жерден ұңғыма қазылады. Ал тынысы тарыққан балықтар осы ойықтардың маңына жиналады. 

Ерік Сәдуақасов, Тайынша аудандық аң шаруашылығы бөлімінің қорықшысы:

- Биылдыққа біз аэрацияны ерте бастап жатырмыз. Себебі мұздың қалыңдығы өсіп барады. Қар аз. Судың да мөлшері биыл аз болды. 2 жыл құрғақшылық болды. Сосын ерте бастап жатырмыз. Табан балығы бар, шортан балығы бар, алабұға тағы басқа балықтар бар.

Су маржандарының бірнеше түрі мекендейтін көлге қысы-жазы қармақ салатындар да көп келеді.

Бүгінде өңірде 313 су қоймасы 151 кәсіпкерге жалға берілген. Жауапты мамандар көлдерді жасанды түрде оттегімен байыту жұмыстарын қатаң қадағалайды. 

Андрей Лопацкий, Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторы:

- Жалға алушылар атқарған шаруалары жайлы бізге есеп беріп тұрады. Мұнымен қоса өзіміз де ауылдарға шығып тексеріп тұрамыз. Егерде талап отырдалмаса, келісімшарт бұзылады.

Аймақтағы өзен-көлдердегі аэрация жұмыстары енді сәтін салса көктемге дейін жалғасады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.