Биыл «Күміс жас» бағдарламасына өзгерістер енгізілді

Енді жобаға елу жастан асқан азаматтар қатыса алатын болады.

Зейнеткерлікке таяп қалған азаматтарды жұмысқа орналастырып, қолдау көрсету – негізгі мақсат. Эйджизм – адамды оның жасына байланысты алалау. Бұл үрдіс көбіне егде жастағыларға, жасөспірімдерге және кішкентай балаларға байланысты болуы мүмкін. Эйджизммен адам кез келген ортада кезігеді. Мысалы, Дархан Ахметбеков Талдықорғанда коммуналдық қызметте 20 жылдай еңбек еткен. Үш жыл бұрын ол астанаға келіп, жұмыс іздей бастапты. Бірақ «мамандық бойынша қызметке орналаса алмадым» дейді. Жұмыс берушілер ер азаматты жасына қарап шеттеткенге ұқсайды. 

Дархан Ахметбеков, қала тұрғыны:

- Өз қаламда басшылық қызметте болдым. Екі жоғары білімімі бар. Мен үш жыл бұрын астанаға көшіп келдім. Хабарландыруларды қарап, жұмыс іздей бастадым. Бірақ жұмыс берушілермен кездескенде біреуі жасыңыз бізге келмейді деп тіке айтты. Екіншісі кейін хабарласамын деп шығарып салды. Мен барған мекемелердің қызметкерлері негізінен жас болатын. Сондықтан 30 жастағы директорға өзінің құрдасымен сқөйлесіп, жұмыс істей әлдеқайда ыңғайлы шығар деген ой түйдім. 

Егер білікті адамды тек «тым кәрі» немесе «тым жас» болғандықтан жұмысқа алмаса, бұл – эйджизм. Ал жасқа байланысты жұмысқа алмау қаншалықты заңды. Осы сауалды сала мамандарына қайдық. 

Аржан Сәдуақас, заңгер:

- Біріншіден, бұл дискриминацияның бір түрі болып табылады. Бізде ол конституцияда жазылған. Конституцияны ашып, оқыса болады. Ол жерде жас ерекшелігіне, жынысына және тағы да басқа көзқарасына, діни тұрғыда дискриманиялауға болмайды. Ал енді жұмыс беруші жас ерекшелігіне байланысты осындай талаптарды қойса, бұл дискриминация болып табылады. Демек ол заңсыз. 

Егер сіз жұмыс іздегенде осындай қиындықтарға тап болып, жасыңызға немесе жынысыңызға байланысты алалағанды байқасаңыз еңбек инспекциясына жүгінуге болады. Бірақ қолыңызда дәлел болу керек. Аудио, видео жазба немесе қасыңыздағы куәгердің көмегімен эйджизмге тап болғаныңызды дәлелдей аласыз. Сол сияқты сізден жұмыстан шығу туралы арыз жазғызу да заңсыз. Белгілі бір себеп болмаса, жұмыс берушінің оған құқығы жоқ. 

Аржан Сәдуақас, заңгер:

- Егер де жасына байланысты жұмысынан шығарып жатса, онда бұндай кезде де сотқа немесе еңбек инспекциясына шағымданып, жұмысын қайтадан өзінің орнын қалпына келтіруге болады. 

Біз желідегі және сайттардағы бос жұмыс орындарын қарап шықтық. Байқағанымыз, эйджизм еңбек нарығының жасырын талабына айналғандай. Әрине, жұмыс берушілер кездесуге барғанда "сіз біз үшін тым кәрі" немесе "тым жассыз" деп тіке айта қоймас. Бірақ әлеуметтік желідегі хабарландыруда жас шектеулерін жазып қояды. Осы орайда Қазақстанда «Күміс жас» бағдарламасы бар екенін еске саламыз. 

Асқар Ниязов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту департаментінің директоры:

- Өткен жылы 2022 жылы «Күміс жас» бағдарламасына зейнеткерлік жасына екі жыл қалған азаматтар қатысатын болған. Осы биылғы жылдан бастап бағдарламаға өгерістер енгіздік. «Күміс жас» бағдарламасы аясында 50 жастан асқан азаматтарымыздың барлығын жібере аламыз.  

Мамандардың айтуынша, негізінен арнайы білімі жоқ азаматтар осындай жаста жұмыссыз қалады. Ал білікті мамандар әрдайым сұраныста. Дегенмен, осындай бағдарламаның ашылуының өзі қанша білікті болсаң да, жас келгенде жұмысқа тұруда кедергілер бар екенін көрсетеді. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Серік Қоңырбаев