«Ауыл аманатының» алғашқы қатысушылары анықталды

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы көмегімен табысын арттыруға ниет еткендер қатары көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жоба аясында Мәртөк ауданы тұрғындары алдымен мал басын арттырып отыр. Бірінші кезеңде құны 155 млн теңге болатын 40-тан астам бизнес-бастама жүзеге асуы тиіс. 

Дариға Файзоллақызының сүт өнімдерін сатып, нәпақа тауып жүргеніне 20 жылдан асқан. Жергілікті шаруа қожалықтарынан шикізат алып, ірімшік пен айран, қаймақ-майды облыс орталығындағы дүкендерге өткізеді. Ол отбасылық кәсіптің ауқымын «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен кеңейтуді жөн деп шешіпті. 2,5 % үстемемен 5 млн теңге алуға өтініш білдіріпті. 

Дариға Файзоллақызы, Саржансай ауылының тұрғыны:

- Бірінші жөндеуден бастаймыз. Одан алатын газ, тоңазытқыш, мұздатқыш бар. Көлікпен барып, Ақтөбеге сатамыз ғой. Сол үшін бізге не керек? Көліктің артына арба алып алдық. Енді үміттеніп отырмыз. Алсақ, бұйырса жұмысты бастаймыз.

Нұрсұлтан Бекбауов болса бағдарламаның тауарлық несиесін рәсімдеуді жөн көрген. Карантин кезінде жұмыссыз қалған көпбалалы әке жеке шаруа қожалығын ашып, сүтті сиыр бағуды көздейді. Сондықтан қаржылай қолдаудан гөрі ірі қара алып, қарызын да төрт түлікпен қайтаруға келіскен.

 Нұрсұлтан Бекбауов, Сарыжар ауылының тұрғыны:

- Төлдеуі ақпан-сәуір айларында деп отырмыз. Сол төлдегеннен күздің күні баспақ күйінде беремін. Қазір менің алып отырғаным он бас. Оны бес жылға деп алдым, келісімім солай болды.

Жалпы Мәртөк ауданында негізінен құс бағу мен көкөніс өсіруге көптеп көңіл бөлінбекші. Құзырлы органдарға жолданған 200-ге жуық бизнес-жоспар үйрек пен қаз, бөдене мен тауық ұстап табыс табуға бағытталған. Бұдан бөлек 40-қа жуық жылыжай да бар.

Алмас Салықбаев, Мәртөк ауданының әкімі:

- Біздің есеп бойынша қазіргі таңда бізде құстың еті болсын, негізгі өсімдікке келетін болса, біз 30% өзімізді қамтып отырмыз. Қалған барлығы бізге сырттан келеді. Сол жобалардың арқасында біз ең бірінші мақсатымыз – тұрғындарымызды сапалы, қасымызда көз алдында өскен өнімдермен қамтамассыз ету.

«Ауыл аманатының» алғашқы кезеңінде облыстағы 12 ауданнан 24 селолық округ қатысып отыр. Жоспар бойынша құны 3 млрд теңге болатын 2800 жоба жүзеге асуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев