Отандық медицина шетелдіктерді несімен тартады?

Еліміздің медициналық туризмді дамытуда әлеуеті арта түскен. Әсіресе ми мен жұлынға, бел-омыртқаға жасалаты операцияларға шетелдіктер сеніммен келе бастаған.

Астанадағы нейрохирургия орталығының дәрігерлері Ұлыбританиядан келген науқастың омыртқасына күрделі операция жасап, бірнеше күнде аяғынан тұрғызды. 

Фредерик Англия азаматы. Үнемі басы ауырып, арқасы сыздаған Фредерик ақыры омыртқасына операция жасатуға бел буады. Мұндай операция Ұлыбританияда да жасалады. Тек ондағы дәрігерлер кезегін бір жыл күту қажет деген. Зерттей келе, Астанадағы нейрохирургия орталығын таңдап, арнайы келген. 

Фредерик Ирионсайд, Ұлыбритания азаматы:

- Көптен бері арқам ауырып, жүріп-тұруым қиындай бастаған. Операция жасату үшін Астанадағы нейрохирургия орталығын таңдадым. Қазір операциядан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Операцияға дейін болған ауырсыну жоқ. 

Ұлттық нейрохирургия орталығына алыс-жақын шет елден дертіне дауа іздеп келетіндердің саны жыл санап артқан. Былтырдың өзінде 30-дан астам өзге ел азаматы ауруынан айыққан. Ал, 14 жыл ішінде 400-ден астам шетелдік пациент емделген. Көршілес мемлекеттермен қатар Еуропадан келетіндер көп.

Талғат Керімбаев, нейрохирург дәрігер:

- Ұлыбританиядан келген науқас ол негізі осы жерге демалысқа, бізге кеңес алуға келген. Біз сол омыртқаның бірнеше потологиясын зерттедік. Омыртқаның тұрақсыздығы, "Спондилоллис" дейміз. Екі омыртқаның шеміршегі шығып кетіп, екі жерде омыртқа жылжып кеткен. Екі түбікше арқылы екі омыртқасын, екі шеміршегін ауыстырып, омыртқаны орнына қойып, конструкция салып, ота жасадық. Қазір науқас тұрып жүр, жалпы жағдайы жақсы, өзі де айтып жатыр бұрынғыдан жақсы болдым деп. 

Отандық нейрохирургтер күрделі операцияларда өте сирек әдісті қолданады. Әрі инновациялық медициналық технологияның озық үлгілерін еркін меңгерген. Сондықтан болар ресейліктер де омыртқа ауруына операция жасатуы үшін осында келеді. 

Ильгиз Ахметов, Ресей азаматы:

- Маған бүгін операция жасалды. Операция 3 сағат 25 минутқа созылды. Астаналық дәрігерлерді таңдағаныма еш өкінбеймін. Кәсібилігіне тәнтімін. 

Омыртқаға жасалатын бір операция құны Еуропада біздегіден 10 есе қымбат. "Қазақстанда жасалатын операция бағасы арзан болғанымен, сапасы Корея клиникаларымен тең", - дейді дәрігерлер.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Ырыстанбек Оспанов