Игерілмеген ауыл шаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Республика бойынша өткен жылы игерілмей жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Мәселен, Қызылорда облысындағы шаруа қожалықтары мал бағамын деп 6 мыңдай жер телімін алып, соның жартысынан астамын мүлдем қолданбай келген. Арал ауданындағы Ақирек ауылындағы осындай 50 мың гектардан астам жер учаскесі мемлекеттік қорға қайтарылды. 

Аралдан 1200 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын ашамын деп аумағы 54 мың гектардан асатын 10 жер телімін алған серіктестіктің алқаптың жартысын нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбағаны анықталды. Оны әшкерелеген аудандық прокуратура істі облыстық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен жер ресурстарын басқару департаментіне жолдаған. 

Руслан Нұрлыбаев, Арал аудандық прокуратурасының прокуроры:

- Тиісті ықпал ету актісі енгізіліп, уәкілетті органмен сотқа талап-арыз беріліп, сот шешімімен аталған шаруа қожалықтың игермей отырған жер учаскесі мемлекеттік жер қорына кері қайтарылды. Қазіргі уақытта аудан әкімінің қаулысына сәйкес жер учаскесі аудан тұрғындарының жеке пайдалануына берілді.   

Бақытжан Сматуллаев, Шижаға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- 28 мың га көп жер ғой. Соны енді Ақбай шаруа қожалығы алып, олар игермей, біз де пайдалана алмай отыр едік. Енді өзіміз игереміз. 

Жетісу облысында өткен жылы пайдаланылмай жатқан 130 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 6800 га суармалы егістік болса, 300 га шабындық қалғаны жайылым. Аталған аумақ ауылға жақын тұрған жағдайда қоғамдық негізде көпшіліктің игілігіне беріледі. Ал, елдімекеннен шалғайдағы жерлер конкурстық негізде үлестірілмек. Бұл жұмыстар осы жылы да жалғасып 2200 гектарды мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Айта кетейік, ғарыштан бақылау нәтижесінде өңірде 850 мың гектардан астам жердің бос жатқаны анықталды. Соның 300 гектарын иелері қайта пайдалана бастаған. Жерді мақсатына сай кәдеге жаратпаған шаруаларға тиісті нұсқама берілді. 

Ермек Омарұлы, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Жер инспекциясы тарапынан 2022 жылы пайдаланылмаған жер иелеріне бір жылдың ішінде пайдалану жөнінде нұсқама берілген болатын. Оның барлық гектары 401 мың гектар болып отыр. 600 ге жуық жер иеленушілер. Солар пайдаланылмайтын болса, бір жылдың ішінде онда біз сот тәртібі бойынша қайтаруға жұмыс жасаймыз.

Ал Қостанай облысында былтыр игерілмей жатқан 518 мың гектар жер мемлекет қорына өтті. Оның басым бөлігін жер иелері өз еріктерімен қайтарыпты. Енді бір бөлігі мәжбүрлі түрде сот арқылы тәркіленген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қазір бұл мәселе ерекше назарда. Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті өткен жылы жайылым, егістік алқапты пайдалану бойынша төрт жүзге жуық тексеріс жүргізіп, 225 заң бұзушылықты анықтаған. Қазір олар электронды цифрлы технология бойынша қашықтан қарап отырады. Жер өз мақсатында пайдаланылмаса не бос жатса бірден нұсқама жібереді. Бір жылдың ішінде ол талап орындалмаса, жер телімі мемлекетке меншігіне өтеді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермес үшін, азаматтарды қабылдау арнайы ашылған бейнебақылауы бар адалдық алаңында жүргізіледі. Биыл Қостанай облысы бойынша 330 мың гектар жерді мемлекет қорына қайтару жоспарланып отыр.

Қайрат Оспанов, облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:

- Бізде негізінен жайылымдық жерлерді кері қайтару мақсаты тұр. Ол енді малдың көптігінен емес. Жөнсіз жырта бергендіктен ауыл-аймақ маңындағы жайылым мен шабындық тарылды. Сосын кейбірі шөбі шүйгін, малға жайлы қонысты өз мақсатында пайдаланбайды, жылдап бос жатады. Мұндай жәйттер көбіне Жанкелдин, Аманкелді аудандарында, Арқалық қаласында байқалып отыр.

«Жер қатынастарының» жаңа заңнамасына сәйкес енді қала, аудан, ауыл әкімдері жер телімдерін бөлуге араласа алмайды. Бұдан былай геопортал платформасы мен аймақтың бірыңғай картографиясы негізінде жайылым іздеген шаруаларға жер кедергісіз бөлінеді. Биыл 5 миллион гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев