Соңғы 3 жылда Ақмола облысындағы 85 ауыл қайта түледі

Елді мекендегі жолдар жаңарып, әлеуметтік нысандар толығымен жөнделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 27 млрд теңге бөлінді. Басты екпін облыс орталығына шалғай орналасқан ауылдарға түсірілген.

Бұл – Жақсы ауданына қарасты Жаңа Қима ауылы. Бір мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен соңғы жылдары көркейіп, дами түсті. Мәселен, жоба аясында ауылдағы 13 көшеге жарық тартылуда. Ендігі кезекте жол мәселесі шешу көзделген.

Ерлан Серікбай, Жаңа Қима ауылдық округінің әкімі:

- Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттар дайын. Енді осы жазда 10 көшеге асфальт салып, жөндейміз деген жоспар бар. Жарық өткізу бойынша 65 млн ақша бөлінді. Жолдардың жобалық-сметалық құжаты бойынша бүгінгі бөлінген ақша – 123 млн теңге.

Бұдан бөлек, ауылдағы  мәдениет ошағы да қалыпқа келтірілді. Жоба құны – 128 млн теңге. Бүгінде мұнда бірнеше үйірме жұмыс істейді.

Жазира Қуанышбаева, Жақсы аудандық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы:

- Ауыл болғандықтан жастар осы мәдениет ошағына келеді. Бұл деген жастардың қызығушылығын оятады. Өйткені жаңа, жылы ғимарат. Қазіргі таңда осында 10 клубтық құрылым жұмыс жасайды.

Айталық, Жақсы ауданында былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 ауылды жаңғыртуға қазынадан 750 млн теңге бөлінген. Ал алдағы жылдары тағы 11 ауылды жаңарту көзделіп отыр. Жалпы жоспар бойынша өңірдегі 294 ауылыды қамту қарастырылған. Соның 50-ге жуығында жұмыс осы жылы басталмақ.

Азамат Байқуанышев, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:

- Осы жылы 12 млрд теңге бөлінген. Яғни, 52 ауылда 79 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтсам, 24 әлеуметтік нысанға жөндеу жүргізіледі. 110 шақырым жол жаңартылып, 5 ауылда 124 шақырым су құбыры тартылады деп көзделген.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жоғарыда атап өткендей, жоба аясында жаңғыратын 294 ауылдағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілмек. Бұл ретте елді мекендегі әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу да көзделген. Басты міндет – ауылдағы ағайынға қолайлы жағдай жасап, әулеттін арттыру.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.