Премьер-Министр Шымкенттегі бірнеше нысанның жұмысымен танысты

Шымкентке жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы қалалық әуежайдың жай-күйімен танысып, жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырды. Әлихан Смайылов сондай-ақ қаладағы әйнек конструкцияларын шығаратын жаңа зауыттың ашылуына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкентке жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр, ең алдымен, қалалық әуежайдың жай-күйімен танысты. Жергілікті атқарушы билік өкілдеріне ол Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық талаптарға сай келмейтінін айтты. Бұл мәселе жаңа терминалдың пайдалануға берілуі арқылы шешілуі тиіс еді. Алайда әу баста 2020 жылы жолаушыларды қабылдай бастайды делінген аумағы 40 мың шаршы метрлік нысан әлі күнге дейін іске қосылмаған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:                                      

- Шымкент – еліміздегі 3 ірі қаланың бірі және мынау шығыс пен батыстың екі ортасында орналасқан транзиттік дәліз де. Тікелей және транзиттік рейстерге өте ыңғайлы жер. Дегенмен мына ескі әуежайдың жағдайы мәз емес. Ол халықаралық деңгейге сай келмейді. Неге әлі күнге дейін мынау жаңа терминал іске қосылмады? Елімізге маңыздылығын ескере отырып, мынау халықаралық әуежайдың жаңа терминалдың тезірек іске қосылуын қамтамасыз етулеріңіз керек. Ол үшін барлық қажетті іс-шараларды қолдану керек.

Дегенмен қалада жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әлихан Смайыловқа өндірістік саладағы жетістіктер жан-жақты таныстырылды. Шымкентте 300-ден астам өндіріс ошағы сыйған 5 индустриалдық аймақ жұмыс істеп тұр. Онда қазір бос орын жоқ. Сол себепті бизнесті өркендетуге арналған тағы осындай 5 аймақ құру туралы шешім қабылданды. Оның жалпы аумағы 867 гектар болады.

Береке Дүйсебеков, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- 2010-нан бастап құрылған 5 индустриалдық аймағымыздың экономикалық тиімділігін зерттей келе, біз бюджеттің тарапынан олардың инфрақұрылымын қалыптастыруға қажетті 17 млрд теңге салынған болса, нәтижесінде бүгінгі күні осы барлық 5 алаңның қатысушы кәсіпкерлеріне 49 млрд теңге салықпен біздің жергілікті бюджетке қайтқан. Яғни, біздің салған 1 теңгеге кәсіпкерлер 20 теңгемен мемлекетке қайтарып жатқанына біздің көзіміз жетіп отыр.

Шымкентте тағы бір жаңа өндіріс ошағы ашылды. Бұл шыны өңдейтін және әйнек конструкцияларын шығаратын кәсіпорын 260 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Аслан Темірбек, аға оператор:

- Технологияның бәрі – итальяндық технология. Бізді оқытты, үйретті. 10 күн оқытудан өттік. Айлығымыз жақсы, 180-200 мыңға дейін айлық аламыз. 2 мезгіл тамақ береді. Үйге алып кетеді, алып келеді. Әлеуметтік пакет, бәрі бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Былтыр біз 150 жаңа индустриалдық жобаны іске асырдық. Олардың көлемі 2 трлн теңгені құрады. Биыл да біздің жоспарымызда бұдан да төмен емес, жоғары жоспарларымыз бар. Жоспарымыздың бірі – бүгінгі ашылып жатқан кәсіпорын. Бұл жаңа жобаға 5,8 млрд теңге инвестиция салынды.

Үкімет басшысы өңірдегі мұнай алпауытының жұмысымен де танысты. 5 жылға созылған жаңғырту бағдарламасынан кейін кәсіпорын мұнай өңдеуді барынша арттырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жылдан жылға ішкі тұтыну өсіп келе жатыр. Сондықтан біздің алдымызда өңдеу көлемін 21 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Соның ішінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын біз 6 млн тоннадан кемінде 9 млн тоннаға дейін, мүмкіндік болса, 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуымыз қажет. Сіздердің негізгі мақсаттарыңыз – ішкі нарыққа толығымен жанар-жағармайды қамтамасыз ету. Осы міндетті сіздер дұрыс, тиімді орындау үшін біз биыл мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын процессинг тәсілінен маркетинг тәсіліне ауыстырдық. Ол дегеніміз біздің өңдеу зауыттары өздері мұнайды сатып алып, өңдеп, ары қарай таратуына мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов Шымкенттегі әлемдік стандарттар бойынша барлық санаттағы қоймалар қызметін көрсететін көпфункционалды сауда-логистикалық орталыққа да барды. Үкімет басшысы аталған орталықты одан әрі дамыту үшін оның аумағын 136 гектарға ұлғайту туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Сауда-логистикалық орталықты осылай едәуір ұлғайту керек. Жалпы мынау Шымкент қаласының орналасқан жерін есепке алсақ, мынау Орталық Азияның орталығының осындай логистикалық хаб болуға өте үлкен мүмкіндігі бар. Ол экономикаға өте жақсы әсерін береді. Біріншіден, бағаларды төмендетуге, екіншіден, ішкі нарықты толығымен тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуге. Сондықтан мынау жобалар өте дұрыс, қолдаймын және Үкімет тарапынан қандай қолдау керек болады – біз дайынбыз. Осы қаланың экономикасын ары қарай әртараптандыру, салықтық базаны кеңейту мәселесі өте маңызды. Сондықтан осы тұрғыдан да бұл маңызды жоба.

Премьер-Министр қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт пен фармацевтикалық кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Ол Мемлекет басшысының фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін 2025 жылға қарай 50%-ке дейін ұлғайту туралы тапсырма бергенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет республикалық фармацевтикалық кластерді дамытуды ынталандыру үшін қолдаудың жекелеген тетіктерін қайта қарайды. «Біздің қазіргі ең басты мақсатымыз – инвестиция тарту және бизнес бастамаларды жүзеге асыруға көмектесу. Мемлекет бұл салада да барынша қолдау көрсететін болады», - деді Әлихан Смайылов.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.