Павлодарда құнды жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылды

Шөл раушаны, жұмбақ метеориттер мен әсем малахит.

Тау жыныстары мен минералдардың жүздеген түрі Павлодарда ашылған геологиялық музейдің коллекциясынан орын алды. Қоғам белсенділері мен геологтардың жылдар бойы жинаған құнды жәдігерлері жұртшылық назарына ұсынылды.

Бұл – қоғам белсенділерінің сегіз жылдық еңбегінің жемісі. Бірегей коллекцияны жинау үшін география үйінің мүшелері ондаған экспедицияда болып, тау-тастың үлгілерін жинады.

Геологиялық музейде тау жыныстары мен минералдарының 600-ден астамы үлгісі бар. Олардың басым бөлігі Павлодар облысынан табылған. Ал бір бөлігін саяхатшылар алыс-жақын шетелден әкелген. Мәселен, «уварит» деп аталатын бұл гранат тасы гранаттардың арасындағы ең қымбаты. Ал бұл қарапайым гипс Сахарада табылған халық арасында «шөл раушаны» деп аталып кеткен.

Жер планетасында жоқ мына бес жәдігер музей төрінен орын алған. Олардың қатарында метеориттер, кометалардың тектиттері мен астериодтердің сынықтары бар. Экспонаттарды Ертіс өңіріне саяхаттап келген Германия, АҚШ, Ресей азаматтары сыйға тартқан. Кей астероидтердің жасы 66 млн. жылға жуықтайды. Баянауыл жерінің тау жыныстары да көп.

Дина Липихина, гидрогеолог:

- Біздің Баянауыл жері гранитке бай. Бұл тас түрі жердің де басты төлқұжаты деуге болады. Себебі, өзге планеталарда гранит кездеспейді. Дала шпаты, яшма, мырыш, қорғасын мен темірдің үлкен коллекциясы бар. Павлодарлық минералдар мен рудалар алты бірдей жиынтықта көрсетілген.

Жанартау тастары миллиондаған жылдар бұрын пайда болса, «тенгизит» әлемдегі ең жас минерал. Каспийдегі мұнай кен орнында болған жарылыс кезінде түзілген. Алапат өрт салдарынан осындай техногенді геологиялық жыныс пайда болды.

Татьяна Камалетдинова, қала тұрғыны:

- Бұл музей туралы құрбыларымнан естідім. Өңірімізде кездесетін пайдалы қазбалардың түр-түрін көріп таң қалдым. Әрқайсысы көздің жауын алады. Жастарымыз музейге келіп, өңір геологиясымен барынша танысса деймін.

Қазіргі уақытта құм мен тұзға арналған бөлек коллекция жасақталуда. Алдағы уақытта көпшілік назарына ұсынылмақ.