Елімізде баласына алимент төлемеген 2 мыңнан астам адам іздеуде жүр

Тізімде әйелдер де бар. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда 80 мыңнан астам азамат борышкер. Берешектің жалпы сомасы 14 млрд теңгеге жуық. Қарызын өтемейтіндерге қандай жаза қарастырылған?  

Әлия Сүлейменова  - жалғызбасты ана. 10 жыл бұрын күйеуінен ажырасқан келіншек ұлын өзі ғана асырап, жеткізіп отыр. Баланың әкесі алимент төлей алмайтынын әу баста ескерткен. Бұрынғы күйеуінен еш қайыр болмайтынын түсінген Алия оны алимент төлеуге мәжбүрлемеді де. Дегенмен баласы екеуінің қаржыдан қысылған кезі аз болмады.

Әлия Сүлейменова, Астана қаласының тұрғыны:

- Баламның жаңа телефон алғысы келетін кездері болады. Ойын ойнағысы келеді, сапалы зат ұстағысы келеді. Ондайда мен ұлыма «балам, қазір жағдайым жоқ, жарты жыл, не бір жыл шыдай тұршы» деп айтамын. Сол кезде баламның өзі маған: «Мама, неге әкеме алимент төлеттірмейсің? Егер ол ақша төлесе, мен былай қиналмас едім ғой», - дейді.

«Бұрынғы күйеуімің қалтасы қалың болса, еш ойланбастан алимент талап етер едім», - дейді Әлия. Жағдайына қанық болғандықтан, сотқа арыз бермеген. Бірақ заңның өз жағында екенін ол жақсы біледі. Әділет министрлігінің ресми мәліметінше, Қазақстанда алимент төлемейтін 80 мыңнан астам азамат бар. Барлығының қарызын қоса есептегенде 14 млрд-қа жуықтайды. Сот орындаушыларының алдында қазір 305 мың осындай атқару іс-құжаты бар. Борышкерлердің көбі Астана мен Алматыда тұрады.    

Мадина Мұқашева, ҚР Әділет министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

- Сот орындаушысы барлығын қарайды. Ол мемлекеттік кіріс органдарымен бірге жұмыс істейді, құжаттардың барлығын мұқият зерттейді. Борышкердің төлейтін салығына қарай, табысын анықтайды. Алайда кей жағдайда борышкер өзінің табысын аз ғып көрсетуге тырысады. Сол үшін тіпті ең төменгі мөлшердегі салық төлеуі мүмкін. 

Иә, заңгерлер де алимент төлеуден жалтаратындар неьіп қитұрқы әрекетке баратынын айтады. Кейбірі табысын төмендетудің амалып тауып, қағаз жүзінде кірісін мардымсыз етіп көрсетеді. Тіпті мүлкін өзгенің атына аударып, жалақысы аз жұмысқа тұруы мүмкін. Сот орындаушыларының айтуынша, алиментті өндіруде тек ресми жалақыға сүйену аздық етеді.

Саламат Әділбекұлы, Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары: 

- Борышкер бір жыл бұрын 500 мың айлық тапса, биыл 70 мың айлық алатын болса, ол туралы сот орындаушылары арыз жаза алады. Яғни борышкер осындай жалақыға орналастырылды және соның кірісін тексеру туралы. Банктік есепшоттарын қалай тексереміз? Банктің есепшоттарына аударымдар болуы мүмкін. Борышкер 60 мың айлық алады, бірақ борышкер 10 мың, 20 мың жаратуы мүмкін, сондай-ақ кредит төлеуі мүмкін. Жүз мың теңге пәтерге төлеуі мүмкін. Яғни ол табыстардың бәрі қайдан келді? Осының бәрін анықтап, сотқа өндіріп алушы арыз бере алады. 

Айта кетерлігі, бала күтіміне қажет алиментті ажыраспай-ақ өндіруге болады. Мұндай жағдайлар елімізде сирек болса да кездеседі. Жалпы, қолданыстағы заң жұмыссыз жүргендерді алимент төлеуге міндеттейді. Үш ай бойы перзентінің қамын ойламаған жанның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Мұндай жағдайда жазаның жеңілі – қоғамдық жұмысқа тарту болса, ауыры - екі жылға бас бостандығынан айыру. Былтырдың өзінде қылмыстық жауапқа жүзден астам адам тартылған. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Артур Горшняков, Руслан Әлиев