Ақтөбеде полиция қызметкерлері алимент төлеуден жалтарған 200-ге жуық адамды іздеп жүр

Олардың тұрақты мекенжайын анықтау жұмыстары қарқын алған.

Қазіргі таңда облыс бойынша 4 мың азаматқа қатысты іс – жіті бақылауда. Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы өкілдерінің айтуынша, олардың алимент бойынша жалпы қарызы 300 млн теңгеге жуықтайды. Берешекті өндіру үшін палата мен полицияның бірлескен жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Борышкерлерді тауып, алдымен олардан қарызды өтеу амалдары қолға алынады. Бүгінде өңірде 13 мыңға жуық адам алимент төлеушілер есебінде тұр. Бірақ бауыр еті баласы үшін бір тиын да бермейтіндердің әрекеті алаңдатады. Тек былтырдың өзінде полицияның көмегімен іздеуде жүрген жүздеген адам табылған.

Сапар Амантаев, облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы:

- Іздеуде жүрген 282 борышкерлердің мекенжайлары анықталып, оларды сот орындаушыларына тапсырылды. Қазіргі таңда іздеуде жүрген 194 борышкерлер мен алимент төлеуден жалтарғандардың мекен жайлары анықталмай отыр. Оның көпшілігі Ақтөбе қаласы бойынша. басқа өңірлерде болуы мүмкін. Тіркеусіз жүруі мүмкін. Бұл бағытта қазіргі жұмыс жандандырылып, жұмыс жалғасуда.