Қазақстанда киіктерді қолға үйретуге тәжірибе жасалады

Ол үшін ақбөкеннің 2 мың басқа жуық құралайы алынып арнайы тәлімбақтарда өсіріледі.

Зерттеу жұмыстары биыл мамыр айында басталады. Мамандар 2-3 күндік киік төлдерін аулап, қоршау ішінде асырайды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз брифингінде айтылды. Жоба Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында жүзеге асырылады. Ғылыми-зерттеу үш жылға созылады. Ғалымдар жануарларды қолдан тамақтандыру, көбею қабілетін, иммунитетін, киіктерде қандай індеттердің болатынын зерттеп сараптама жасайды. Жоба сәтті іске асса, киелі аңның жойылып кетуінің алдын алуға болады. Тіпті келешекте ақбөкеннің еті тағам ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Асқар Әбдірахманов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Ол жоба жартылай еркіндікте өсіру мәселесі. Мысалы жаңа айтты ғой. Қолға үйрету киіктерді. Бұл да бір зерттеудің бағыты. Киікті өсіріп оны өскен өнімін пайдалану соған қатысты. 1800 лақты тірідей ұстайды. Ол ғылыми зерттеу институттардың мамандарымен. Питомниктар бар. Жәңгір хан университетінің питомнигі бар. Зоология институтының питомнигі бар Алматы облысында. Және Қазір Батыс Қазақстанда киіктерге арналған аумағы 20 мың гектарға жуық питомник салу  көзделуде.