Қостанайлық отбасының өмір жолы желісімен «Бозторғай» телехикаясы түсірілді

Президент көпбалалы ана Қарлыға Естекқызына 60 жас мерейтойына орай құттықтау жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміз үшін ең күрделі кезеңде бір жасқа да толмаған шиеттей нәрестелерді асырап алу - шын мәнінде, нағыз ерлік» деп атап өтті.

30 жыл бұрын 10 бала асырап алған қостанайлық Нұрлан мен Қарлығаның есімдері көпке таныс. Қиын кезеңде осындай ерлік іске барған отбасының өмір жолының желісімен «Бозторғай» атты телехикая түсірілді. Бауырына басқан барлығы бүгінде ержетті. Өз алдарына жеке үй. Бірақ қандай да бір мереке, қуанышта қарашаңырақта бәрі басқосады. Бүгін аналары Қарлығаның 60 жасқа толу мерейтойында да сол әдеттерінен жаңылған жоқ.

Бұл Рита деген келінінің мерейтойға деген ән тартуы. Қарап отырып, осы отбасындағы әке мен бала, ене мен келін арасындағы жарасымды сыйластық, риясыз көңілге риза боласың. Оның бәрі балаларын байлығы санаған ата-ана мейірімімен, тәрбиесімен сіңгендігін ұғынасың. Ал бастапқыда тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде өздерінің екі нәрестесі бола тұра, жетімдер үйінен он бала асырап алғанда сенімсіздік білдіргендер, алыпқашпа әңгіме таратқандар да болды. Сондай қиындықтарға қарамай, тіпті үкіметтің көмек-қолдауына да иек артпай балаларын бөліп жармай бәрін өсіріп жеткізді.  

Нұрлан Садықов, көпбалалы әке:

- Балаларымыздың бәрі атқа шапты, мал бағуды білді, құс та өсірдік. Әр түрлі мамандыққа үйреттік. Аспаз болды, тігінші болды. Бәрін білген жақсы деп үйреттім. Қазір біреуі – мұғалім, біреуі бизнесте жүр. Соның бәріне қуанып отырамын.

Сондай бауырмалдықта өскен балалар ата-ана атына кір келтірген емес. Бәрі оқыды, мамандық алды, үйлі-баранды болды. Қазір сол 12 баладан Нұрлан мен Қарлыға 25 немере сүйіп отыр.

Ақмарал Садықова, үлкен келіні:

- Өзімнің туып-өскен жерім – Көкшетау. Қостанай қаласына келін боп түскенмін. Қазір ата-енеммен тұрамын. Олар өте жақсы кісілер. Маған өзінің туған қыздарындай қарады. Осы үйде 12 бала тәрбиеленіп шықса, мен осы үйді бақытты отбасы деп ойлаймын.

Міне, осындай Садықовтар отбасының қызықты да, қилы тағдыры кино саласының мамандарын да бей жай қалдырған жоқ. Олар әр басылымдағы жазбаларды жинақтап, кейіпкерлермен кездесіп, шынайы оқиғаға құрылған 15 сериялы телехикая түсірді.  

Жалын Тілеуберген, «Бозторғай» телехикаясының продюсері:

- Бала асырауға қадам жасай алмай жүрген ата-аналарға немесе өзінің баласынан бас тартып жатқан ата-аналарға ой салса деген осы кісілер арқылы миссиямыз болды өзіміздің. Пікірлердің арасында жазылған кісілер бар, осыған дейін бекіне алмай жүрем, енді бала асырап алатын болдым деген сияқты пікірлер бар. Соған қарап мен ойламын біздің миссиямыз орындалды ма екен деп.

Бұл телехикая көрермендер арасында қызығушылық тудырып отыр. Хабардың Ютуб арнасы арқылы  қаралым миллионнан асқан.