Шымкентте жылу тарифына қатысты сот шешімі шықты

Бұған дейін Табиғи монополияларды реттеу департаментінің қызметкерлері «ҚуатЖылуОрталық-3» мекемесінің тарифтік сметасын тексеріп, кіріс-шығыс көлемін және мемлекеттік субсидияның қай бағытта жұмсалғанын саралаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде қаражаттың едәуір үнемделгені анықталды. Мәселен, өткен жылыту маусымында ауа райы қолайлы болғандықтан, жылу энергиясын сатып алуға аз қаражат жұмсалған. Мұны ескерген мамандар тариф құнын төмендетуді ұсынған. Алайда коммуналдық мекеме бұл шешіммен келіспей, сотқа арыз түсірген.  Сот кәсіпорынның шағымын қанағаттандырмай, абоненттерге 2,8 млрд теңге қайтару туралы шешім шығарды. Енді мекеме жылу тарифін 40%-ке арзандату арқылы тұрғындарға алдындағы берешегін өтеуі тиіс. 

Дархан Қайынбердиев, қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

- Олар енді келіспей, екінші, үшінші сатыға, сотқа барамыз деп отыр. Аппеляцияға, Жоғары сотқа. Осы 5 ай қыстық мерзім. 110 теңге – шаршы метрге. Біз түсірген тариф 60-70 теңге. Енді заң күшіне енгенше халық 110 теңгемен төлей береді.