Маңғыстау облысында жол битумының сапасы тексерілді

Маңғыстау облысында республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысына қолданылған битум сапасы тексерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар трассаларда бақылау рейдін өткізіп, 28 сынама алған. Зертханалық сынақтан өткізу сәтінде кейбірі техникалық сипаттамаға сәйкес келмей шықты. Сараптама қорытындысы жол битумын өндіретін жергілікті зауытқа жолданған. Былтыр ұлттық сапа орталығының нұсқауымен ұзындығы 11 мың шаршы метрден астам жолдардың асфальт жамылғысы қайта төселген. Мердігерлер өз қаржысына Шетпе-Қызан трассасының «Тасмұрын-Мәстек» учаскесін және Форт-Шевченкода көше жолдарын қайта жөндеген. Бұған алынған сынамалардың техникалық талапқа сәйкессіздігі себеп.

Хамзат Сұлтанов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ШЖҚ РМК филиал директоры:

- Жол битумының сапасын үнемі тексеріп отырмыз. Сараптама қорытындысы кәсіпорынға жолданып, өз ұсынысымызды бердік. Былтыр облыс көлеміндегі жолдарда 185 рет тексеру шарасы өтті. 1500-ден аса сынама алынды. Соның 202-сі нормативті құжаттарға сәйкес келмей шықты. Сондай-ақ 29 ақаулық табылды. Бақылау рейдтерінің нәтижесі қызметтік хат түрінде жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға жолданды.