Президент қоғамдық көлік жүйесін дамытуға да ерекше көңіл бөлді

Мемлекет басшысы қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген.

Алайда тұрғындар әлі де аялдамада жарты сағаттап тұруға мәжбүр, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Президенттің айтуынша, қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаса, 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті. Сондай-ақ Президент LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен бұрын да айттым,  LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ. Жалпы әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.