Қ. Тоқаев: бейберекет салынған ғимарат көп

Елорданың осыған дейін әзірленген бірыңғай дизайн-коды орындалмай, тек қағаз жүзінде қалды. Бейберекет салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Сол үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келеңсіздікті жойып, шаһарға әлемнің ең үздік сәулет үлгілерін қолдануды тапсырды.

Президент құрылыс саласындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, Астанада тұрғын үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Әдепкіде, ол жерге әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы болады деп уәде беріледі. Бірақ кейін иін тірескен ғимараттадың құрылысы басталады. Осыған байланысты енді мұндайға жол берген шенділер жауапқа тартылады, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Маңызды мәселенің бірі – көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр. Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын.

Президент елордаға газ тарту жұмыстарын да уақытылы аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, бюджеттен қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан қаланы көгілдір отынмен қамту баяу жүріп жатыр. Осының әсерінен экология нашарлап, шаһарды қалың тұман басады. 2019 жылы «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезегі аяқталды. Әкімдіктің ендігі міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын алабына газ тарту. Қазір тек 8 мың абонент газбен қамтылған. Президент үйге газ қосу да арзан емес екенін атап өтіп, құзырлы органдарға түйіткілдің түйінін тарқатуды тапсырды.