Елімізде асырап алған балаларды жетімдер үйіне қайтару көбейді

Елімізде жетімдерді асырап алып, балалар үйіне қайтадан өткізу жағдайлары көбейген. Мәселен 2021 жылы мемлекеттік мекемеге 179 бала қайтқан. Ұлттық статистика бюросы осындай ақпарат жариялапты. Бірақ Оқу-ағарту министрлігі бұл сандармен келіспей отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Светлана Жильцова кешкі уақытты қызымен өткізгенді ұнатады. Өмір бойы сәби сүюді аңсаған ол балалы бола алмапты. Бірақ маңызды шешім қабылдап, Верониканы балалар үйінен алады. Бір көргенде-ақ көптен күткен қызым осы деп ойладым, - дейді.

Светлана Жильцова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Ең алдымен, Верониканың суретін көрдім. Көп жасөспірімнің арасынан көзіме оттай басылды. Кездесуге барып, психологпен жұмыс істеп, қызымды алып кеттім. Басында көп сөйлемейтін. Үйренген соң ашыла бастады. Қазір бас тарту немесе қайтадан балалар үйіне өткізу деген ойыма кіріп те шықпайды. Әрине, жасөспірім баланы қамқорлыққа алу, оны қайта отбасылық өмірге бейімдеу оңай шаруа емес. Дегенмен бұл баладан бас тарту дегенді білдірмейді. Жауапкершілік алсақ, соңына дейін жеткізу керек.

Өкінішке қарай, барлығы Светлана сияқты ұстанымда емес. Қазақстанда асырап алған балаларды жетімдер үйіне қайтару жағдайлары жиілепті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы 5 жылда асырап алушылар мен қамқоршылардың балаларды қайтаруы 64%-ке өскен. Статистика бойынша екінші рет жетім қалушылар арасында асыранды балалардың үлесі аз. Көбіне жасөспірімдерді қамқорлыққа алғандар және патронаттық тәрбиеге алғандар қайтарады. Ал заң бойынша олар оқудан өтуге міндетті емес.

Ботагөз Қазбекова, Ақкөл қаласының «Қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығының» КММ директоры:

- Әрине, біз балалар үйі ретінде жұмыс істегенде де және қазір де, қиын өмірлік жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы болған уақытта да, иә, әрине, қайтып келуші балалар саны бар. Балаларды алғаннан кейін әртүрлі сұрақ туындауы мүмкін ғой. Балалар барғаннан кейін мінезін көрсетуі мүмкін. Қайтып келген балалар саны әртүрлі себептермен қайтып келеді. Мысалы, бізде 2 жанұя бар, ол балалардың қайтып келу себебі – ол отбасының, мысалы, анасы қайтыс болды. Содан кейін 4 бала бізге қайтып келді. Осы 2022 жылдың жазында. Одан кейін 4 баланы қайтарды ол жанұяда әкесі қайтыс болды. Және олар көбіне балалармен ортақ тіл табыса алмадық деген себептерді айтады. 

Ал Оқу-ағарту министрлігі мұндай статистиканы үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Жетімдер саны азайып, балалар үйлері жабылып жатыр деп түсіндірді. Қазір елімізде 20 мың бала ата-анасын күтуде. 5 жыл бұрын олардың саны 30 мыңға жуық болған.

Мақсат Несіпбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

- Осы комитеттің маманы ретінде қазіргі таңда қайтадан асырап алынған немесе қамқоршылықтағы немесе патронаттық балаларды кері қайтару статистикасына өз басым келіспеймін. Себебі бұл салада мен көп жылдан бері еңбек атқарып жүрген адаммын. Осы соңғы 3 жылда айтамын, енді ақпарат көздеріне тарап жатқан мәліметтер бойынша 20 емес, одан да аз, төмен.

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалаған жәудіркөздер қашанда отбасы жылулығына мұқтаж. Оны ескерген жауаптылар жақын арада кәсіби патронаттық отбасы институтын заңнамалық тұрғыда бекітуге бекініп отыр.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Марат Диханбаев.