Қарағандыда 8 жастағы жеткіншек шаш сәндеуді меңгеріп алған

Қарағандыда 8 жастағы жеткіншек қыз-келіншектердің шашын сәндеп, түрлі үлгі жасауды меңгеріп алған. Тіпті, жоғары деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атаныпты.  

Өзге балалар 8 жаста қуыршақтың шашын сәндесе, Альмира анасына көмектесіп, тіпті жақындарының да шашына үлгі жасап береді. Бұл іске 5 жасынан бастап қызыққан оның  дарынын ұстаздары да жоғары бағалайды. Мұны өзі де дәлелдеген. Жақында үлкендермен бірге «Сұлулық әлемі» деп аталған қалалық сән байқауына қатысып, қаршадай қыз жеңімпаз атанған.

Любовь Русия, «Шаштараз» үйірмесінің жетекшісі:

- Альмира осындағы балалардың ішіндегі ең зерегі. Алғаш келген кезден бастап көрсеткен әдістердің барлығын бірден меңгеріп алды. Жасы кіші болса да, мақсаты нық. О баста ермек үшін келіп жүрген шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек кәдімгі мықты маман екенін дәлелдеді.

Қазір не бары 3-ші сыныта оқитын ол шаштараз үйірмесіне 2 жыл бұрын, яғни бірінші сыныптан бастап келген. Сол кезде оның  қабілетін ата-анасы бірден байқап, үйірмеге жазуды ұйғарыпты. Оның ерекше дарыны сол, кез-келген шаш үлгісін 20 минутта жасап шығады екен.

Альмира Қабденова, Әл-Фараби Атындағы Мектеп-Гимназияның Оқушысы:

- О баста бұл маған жәй хобби ретінде көрінген. Бірақ, кейін қатты ұнатып қалдым. Шаш үлгісін жасау бойынша сертификатым да бар. Енді жеке бизнес ашып, осы саланы дамытқым келеді.

Альмираның өзге де өнері жетіп жатыр. Ол би, қолөнер және сурет салу үйірмесіне қатысады. Деседе жанына ең жақыны – шаштараз саласы. Болашақта ол өзінің жеке сұлулық салонын ашуды армандайды екен.