Алматы облысында жауған жауын жұртты әбігерге салды

Алматы облысында жауған жауын тұрғындарды әбден әбігерге салды.

Бірқатар жол мен көшелер көктайғаққа айналды. Күн райының жылынуына байланысты өңірде су тасқынының алдын алып, бақылауда ұстау басты назарда.

Өтеген батыр кентіндегі көп қабатты үйлердің аулалары көктайғақ. Абай көшесіндегі 27 үйде негізінен зейнеткерлер тұрады. Онсыз да жүрісі баяулаған қариялар үшін үй жанындағы дүкенге барып келудің өзі мұң. Бірі балдаққа сүйеніп, бірі баласын қолтықтан әупірімдеп мұз қатқан жолмен аяңдайды.

«Ауланың қары тазаланбайды. Құм мен тұз себілмейді», - дейді тұрғындар.

Ұлтуар Молдиярова, кент тұрғыны:

- Бәрі осы. Сонымен магазинге де барғам жоқ қорқып келе жатырмын үйіме қарата. Больницаға бару керек едім бара алмадым. Көктайғақ, жүруге болмайды, мына жақты мүлдем тазаламайды. Есіктің алдының бәрі құлап. Өткенде құладық.

Қар аралас жауын жауса болды, Алматы-Қапшағай тас жолы көктайғақ айналады. 

Еңіске сырғыған су түнде тез қатады. Түнде бірнеше көлік соқтығысып, жүк көлігі аударылып қалды. Бір адам мерт болды. Бұл республикалық маңызы бар, ақылы жолдағы ахуал. Ал шалғайдағы Жиделі ауылына барар жолға мұз қатқаны сонша жылқылар да жығылып жатты.  

Жалпы өткен тәулікте бір ғана Іле аудандық ауруханасына түрлі дене жарақатымен қырық шақты адам жеткізілген. Арасында мұзға тайып жығылғандар да, көктайғақтан көлік апатына түскендер де бар. 

Нұрлан Әжібеков, Іле аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Тәулікте жарақат пунктіне 36 обращение болған. ДТП бойынша немесе көктайғақа байланысты 8 адам жарақат алды. Барлық науқастардың жағдайлары бірқалыпты, емдерін жалғастырып жатыр. Бір  науқас қана өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. 

Синоптиктер алдағы тәуліктерде Алматы облысының таулы аудандарында тұман мен көктайғақ болады деп хабарлайды. Күн райының жылынуына байланысты өңірде су тасқынының алдын алу басты назарда болуы керек.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев