Павлодар облысының пробациялық қызметі бақылауда тұрған азаматтарға қолдау көрсетіп отыр

Ертіс өңірінің пробациялық қызметі бақылауда тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру жұмысын күшейтті. Мамандардың айтуынша, жаңа өмір бастауға ниеттенген адамдарға қолдау бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа қала ауылының тұрғыны Атымтай Шотбаев – 4 баланың әкесі. Бірнеше жыл бұрын сотты болған. 3 жыл бойы пробациялық бақылауда тұр. Осы уақыт аралығында өзін тек жақсы қырынан көрсеткен.

Атымтай Шотбаев, Павлодар ауданының тұрғыны:

- Пробацияға уақытында барып тұрамыз. Қарсы алады, бәрі жақсы. Жұмыс үйдің қасында, міне. Қолдаулары жақсы. Балалардың күнкөрісі үшін жұмыс істеп жүрміз.

Көпбалалы әке жергілікті шаруа қожалығында малшы болып еңбек етеді. Шектеуге қарамастан жанұясын асырап, күн көріп жүрген жайы бар. Бұл пробациялық қызмет өкілдері мен жергілікті әкімдіктің назарына ілікті. Отбасы кезекте тұрғандықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында үй берілді. Себебі бұрынғы баспаналары апатты жағдайда.

Тимур Жанғазинов, Павлодар аудандық нақты экономика секторының бөлім басшысы:

- Атымтай Шотобаевтың жолдасы көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрды. Ауылдан «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 4 бөлмелі баспана бөлінді. Жалдамалы төлемі айына небәрі 4017 теңгені құрайды. Кейін жекешелендіріп алу құқығына ие. Аудан бойынша 20 көпбалалы жанұя тұрғын үй кезегінде тұр.

Әлеуметтік-құқықтық көмек шеңберінде қайтарымсыз грант та ұсынылды. Отбасы 1 млн 200 мың теңгеге 4 бас сиыр сатып алып, мал басын көбейтпек ниетте. Сиырлар сәуір айында төлдейді деп күтілуде.

Дамир Жаңабеков, Павлодар аудандық пробация қызметінің бастығы:

- Біз атқарушы органдардың қызметін үйлестіреміз. Сотталушылардың өмір деңгейі, отбасылық жағдайы, жұмысқа қабілеттілігін сараптаймыз. Заң бұзып, жазаланғандардың көбі әрекеттері үшін өкінеді. Кейін дұрыс жолға түскісі келеді. Ал біз өз тарапымыздан көмек көрсетеміз. Бұған дейін ауданда тағы бір көпбалалы әке үйлі болған.

Қазіргі уақытта Павлодар ауданы бойынша 40 сотталушы пробациялық бақылауда. Есепте тұрғандардың 90%-і – бірінші рет заң бұзғандар. Мамандардың айтуынша, оларды қайта әлеуметтендіруге мүмкіндік бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат.