Ақтөбе облысында белсенді өмір сүру орталығы ашылды

Ақтөбе облысының Алға қаласында қарияларға арналған белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Әлеуметтік мекемеде спортпен шұғылданып, йогамен айналысуға болады. Шахмат пен тоқыма, компьютер мен ағылшын тілі сияқты үйірмелер де бар. Одан бөлек, зейнеткерлерге медициналық қызмет  көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауылбай Қашқынбаев зейнеткерлерге арналған орталықтың ашылғанын замандастарынан естіген. 1 апта бұрын өз көзімен көру үшін әдейілеп келген екен. Содан бері әлеуметтік мекемеге күн құрғатпай бас сұғады. Көңіл сергітумен қатар, денсаулыққа да оң әсері бар, - дейді.    

Жауылбай Қашқынбаев, зейнеткер:

- Таңертең шай ішіп аламыз да, бөтен не істейміз? Жүреміз. Кіреміз-шығамыз, теледидар қарайсың. Уақыт өткізу – бұл. Сосын мынау – ем. Емі енді бар, айтатын жоқ. Неше түрлі емі бар. Мен әлгі тікенекті көрмеп едім. Басып көргенімде, тұла бойымды ток ұрғандай сияқты. Басыма дейін барады. Аяғым жүре алмай қалып еді. Қазір аяқпен жүретін болып келе жатырмын.

Массаж бен түрлі медициналық қызметтен бөлек, орталықта компьютер меңгеруге болады. Тоқыма және тігін үйірмелерінде жасаған бұйымдарды қариялар аукционға шығаруға ниетті. Түскен табыс қайырымдылық қорларына аударылады. Белсенді өмір сүру клубының дене шынықтыру сағаттарында кәсіби нұсқаушы үлгі боп, спорттық жаттығу өткізеді.

Тазагүл Мәтжанова, зейнеткер:

- Үйде отырсаң, үйдің кәдімгі күйбің тірлігі ғой. Енді бұл жерге келсең, уақыт өтеді. Қыздармен әңгімелесесің. Айтып отырмын ғой, тоқыма өнерлері бар. Оларға қатысасың. Оны үйренесің. Өте керемет енді. Бәрі ұнады.

Мамандандырылған әлеуметтік орталықты ұйымдастыруға аудан бюджетінен 23 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл ақша ғимаратты жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалды. Қарияларға 15 маман қызмет етеді. Қазір орталыққа жүзден астам зейнеткер келіп жүр.

Нұркен Бердібаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Бұл орталыққа келу үшін міндетті түрде зейнеткерлік жасқа шыққан адам болуы керек және ешқандай талап жоқ. Келіп, кестеге сәйкес өзінің қызметтерін алуға мүмкіндіктері бар.

Аудан халқы белсенді өмір сүру орталығының тағы бір бөлімшесін ашуды өтінген. Сондықтан жергілікті билік қазір қосымша ғимарат іздеуге кірісті. Айта кету керек, Алға ауданында 4 мыңнан астам зейнеткер тұрады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.