Қызылорда облысы Сырдария ауданының 4 ауылында ауыз су құбыры жаңарады

Жалпы Қызылорда облысы Сырдария ауданының халқы 100% сумен қамтылған. Дегенмен тозығы жетіп тұрған құбырлар бар. Енді оларды біртіндеп ауыстыру қолға алынады. Әзірге 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасы 70-тен асқан Күләйхан Асқарова Жетікөл ауылында тұрады. Бұл елді мекен тұрғындары ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған су жүйесі жоқ кезде талай тауқыметті тарттық, - деп еске алады кейуана.  

Күләйхан Асқарова, Жетікөл ауылының тұрғыны:

- Арбамен, «тәшкімен» барып су таситын едік. Жұмысымыз жеңілдеді. Бұрынғыдай су тасымаймыз. Жылы үйде отырып, суды тиімді пайдаланып отырамыз.

Соңғы 5 жылдың бедерінде Бесарық ауылының да тұрғындары таза суға қол жеткізді. Оған дейін тіршілік нәрін табу үшін құдық қазуға да тура келген екен.

Абзал Бекенов, Бесарық ауылының тұрғыны:

- Әркімнің үйінің ішінен ағып тұрса, таза су 520 метр тереңдіктен шығып тұр ғой. одан артық не керек? 2 «скважин». Екеуі толық жұмыс істеген кезде бүкіл халыққа 24 сағат қиналмай су береді. 

Қазірде Сырдария ауданының барлық ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, - дейді мамандар. Дегенмен кейбір ауылдарда құбырлардың тоза бастағаны байқалыпты. Сондықтан биыл бірнеше елді мекеннің су жүйелерін жаңғырту қолға алынған.

Нұржан Омаров, Сырдария аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 412 млн теңгеге Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданып отыр. Сонымен қатар осы Тереңөзек кентіндегі 10 көшенің ауыз су құбарларын ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамасымен бірге 217 млн теңгеге тиісті министрлікке бюджеттік өтінім жолданып отыр.

Аудан бойынша биыл 3 су мұнарасы жаңартылып, 13 шақырымнан астам су құбыры ауыстырылады. Бұл тұрғындарды үздіксіз тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін маңызды, - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.