Алматылық оқушылар спутник жасап шығарды

Алматылық оқушы жердің озон қабаты мен ауадағы газдарды зерттейтін наноспутник ойлап тапты. Шолпан Аманкелді жаңа қондырғыны оқушылар сарайының космонавтика зертханасында жасаған. Жоба халықаралық жас өнертапқыштардың байқауында үздік атанып, алтын медальға ие болды. Жас таланттың ғарыш аппараты фермерлер мен құрылысшыларға қажетті маңызды мәліметтерді де жинай алады құрылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар жасаған алғашқы наноспутник – осы. Бұл – макет емес. Оның 5 өлшеуіші бар. Әрқайсысы әртүрлі мақсатта қолданылады. Бірі стратосферадағы зиянды бөлшектердің шоғырлануын анықтайды. Екіншісі оларда химиялық элементтердің бар-жоғын тексереді. Мұндай әмбебап спутникті құрастыру оңай емес. Бірақ космонавтика зертханасында жас өнертапқыштарға барлық жағдай жасалған.

Шолпан Аманкелді, 10-сынып оқушысы:

- Негізгі міндеті өзекті геоақпаратты жинау. Ол геоақпараттар аграрлық өнеркәсіп пен қала құрылысы үшін қажет. Озон қабатына, стратосфера мен тропосфераға гелий газы үрленген шармен жеткізіледі. Бұл өте экологиялық әдіс.  

Жоба авторы жуырда Индонезияда өткен халықаралық жас өнертапқыштардың конкурсында алтын медаль ұтып алды. Осы жеңісіне шабыттанған Шолпан өзге оқушылармен бірге басқа спутникті құрастыру үстінде. Ол тропосферада су буын шашып қолдан жауын шақыра алады.

Шолпан Аманкелді, 10-сынып оқушысы:

- Бұл Қызылорда, Түркістан облыстарына қажет жоба. Қазақстанның өзге аудандарында қолданса да болады. Себебі жауын-шашын тапшылығы біздің ел үшін өте өзекті мәселе. 

Жас өнертапқыштар спутник өз міндетін орындап болған соң қалай жерге құлату керектігін де ойластырған. Ол спорттық парашют пен GPS-модульдің көмегімен басқарылады. Бұл да инновациялық әдіс, - дейді олар.

Валерий Никифоров, Оқушылар сарайы директорының орынбасары:

- Қазір балалар сигналды күшейтудің жолын іздеп жатыр. Егер оған қол жетсе спутник жинап, өңдеген ақпараттарды дәлме-дәл уақытта беріп тұрады. Менің пікірімше, біздің жобамыз Қазақстандағы күрделі экономикалық мәселелерді шешуге септігін тигізеді.  

Оқушылар жаңа спутникті тропосфераға келесі айда жеткізуді жоспарлап отыр. Әзірге зертханада сынақтап өтіп жатыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Наргиза Тәкежанова, Кенже Амраев.