Мемлекеттік сатып алу нарығына «электрондық дүкен» енгізілді

Яғни, мұндағы барлық рәсім автоматтандырылған. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді.

Оның айтуынша, ведомство мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруде бәсекелестікті дамытуға баса назар аударып отыр. Әрі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жолдары қарастырылған. Конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілдері де енгізілді. Бұл арқылы рәсімдердің барлығы 2 айдан бір айға дейін қысқарды. Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында 100 мыңнан астам өнім беруші тіркелген. Мұнда отандық тауар өндірушілерге бірқатар жеңілдік бар. Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанның электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі үздіктердің көшін бастап тұр. Рейтинг бойынша 109 мемлекеттің ішінде еліміз үшінші орында.

Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бүгінде мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам өнім беруші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 5,9 трлн астам теңгені құрады. Былтыр «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» жаңа заң қолданысқа енгізілді және «Мемлекеттік сатып алу туралы» қолданыстағы заң жаңартылды.