Қызылордада 7 су ұңғымасы іске қосылады

Қызылорда қаласындағы ауыз су мәселесін шешу үшін 7 ұңғыма қазылып жатыр. Бұл нысан іске қосылса, тәулігіне қосымша 7 мың текше метр таза су беріледі. Осылайша, қаланың шет аймағындағы 3 ықшам аудандағы тіршілік нәріне қатысты түйіткіл шешімін табуға тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қызылорда қаласындағы Бәйтерек ықшам ауданына тұрғындар 2016 жылдан бастап қоныстанды. 6 мыңнан астам азаматқа толық инфрақұрылымы дайындалған жер телімі берілді. Осы жерге үй салғандардың қатарында Жүзбай Таңрықбаев та бар. 

Жүзбай Таңрықбаев, Бәйтерек ықшам ауданының тұрғыны:

- Бұл Бәйтерек мөлтек ауданында барлығы жасалынып барып, кезегімен жер беріліп, солай жасалынды. Мінекей, газды тартты, жарықты тартты, көшені жөндеп, тек алған адам үй соғады да отырады.

Соңғы уақытта осы Бәйтерекпен қатар бірнеше шағын ауданда ауыз судың қысымы төмендей бастаған. Оның басты себебі, қаланың аумағы кеңейіп, тұрғын үйлер көбейген.

Асарбай Ешниязов, Бәйтерек ықшам ауданының тұрғыны:

- Абай ауылынан келеді, - дейді. Қызылжармамыз бар, сол бәріміз бір жерден ішіп тұрмыз ғой суды қазір. Сондықтан енді ел көп қой. Көбейіп жатыр жылдан жылға. Келешекте су жетіспей қалуы мүмкін. Сол үшін мына су ұңғымасын салып жатыр.

Бұл мәселе биыл шешімін табады. Ол үшін 7 ұңғыма қазылып, 7 мың 200 текше метр су жинай алатын қойма салынып жатыр. Қаланың шет аймағындағы тұрғындарды таза сумен үздіксіз қамтуға жеткілікті, - дейді мамандар.

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

- Аталған резервуар арқылы осы Бәйтерек мөлтек ауданы және Әл Фараби мөлтек ауданы, сосын КБИ мөлтек аудандарын қосымша таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін болады. Және осы аумақта қосымша 150 гектарға кеңейту қаралуда. Сол себепті ол аумақта да осы резервуармен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз. 

Бәйтеректік тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін де жиі көтеретін. Бұл мәселе де шешімін тауып, су жаңа автобустар қатынайтын болды. Бұған дейін қиыршық тас төселген 7 көшеге биыл асфальт жабындысын саламыз. Көп ұзамай, жаңадан бой көтерген 600 орынды мектеп те пайдалануға беріледі, - дейді мамандар. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин.