Түркияда қаза тапқан отандастар туралы естеліктер айтылды

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен тағы бір отандасымыз Мирболат Құрмашевтің мәйіті табылды.

Хатай провинциясындағы қираған ғимараттан оның денесін қазақстандық құтқарушылар алып шықты. Зілзалада мерт болған жерлесіміз жайлы таныстары әлеуметтік желіде түрлі естеліктер қалдырып жатыр.

Мирус – өте еңбекқор, алғыр, бастамашыл жан еді. Мирболат Құрмашев жайлы оның досы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгін әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік естелік қалдырды. Ол Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған. Соңғы екі жыл Түркияда тұрып, еңбек еткен.  Әлі де Қазақстанның IT-саласын дамытуға қосары бар еді. Амал не?

ЦИТАТА: Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық. Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты.

Жер сілкінісі кезінде ол әріптестері Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова мен бірге Хатай провинциясында болған. Зілзаладан кейін байланыс күрт үзіліп, туыстары мен әріптестері іздеуге кіріскен. Кеше отандастарымыздың бірі Сабина үйінді астынан аман шығарылды. Өкінішке қарай,  Әділ Қадырбековтің мәйіті табылды. Дүйім жұрт аман табылса екен деп отырған Мирболаттың да соңғы демі қирандының астында үзілгені белгілі болды. Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева әлеуметтік желіде көңіл айтып, Мирустың еңбекқорлығын еске алды.

Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Цифрлық технологияның қыр-сырын еркін игерген Мирусты талайдан танитын едім. Соңғы рет онымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрғанда қызмет барысында кездескенбіз. Мирус өте еңбекқор, ізденімпаз жас болатын. Қысқа ғана ғұмырында талай стартап-жобаларды жарыққа шығарды, IT саласында оның есімі танымал, үлкен құрметке ие болды.   

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың мәйітін елге жеткізуге көмектесетінін айтты.