Жамбылдықтар Түркия еліне жылу жинап жатыр

Жамбылдықтар зілзаладан зардап шеккен Түркия еліне жылу жинап жатыр.

Тараз қаласы мен 4 ауданда арнайы қор ашылған. Қазір қаржылай көмектің көлемі 10 млн теңгеге жуықтады. Бұған жылыту құрылғылары алынады. Ал, тұрғындар әр аумаққа қойылған 12 жүк көлігіне қолда бар азық-түлік, киім-кешек пен көрпе төсегін әкеліп жатыр. Бұдан бөлек, облыстық Ассамблея өкілдері мен Жастар орталығының еріктілері жылу жинауға кіріскен. Жүк көліктерінің жартысы бүгін Алматы қаласына жолға шығады. Одан әрі гуманитарлық көмек елшілік ұсынған ұшақпен Түркияға жеткізіледі.

Арман Мүсірепбаев, қала тұрғыны:

- Жан-жақтан өзіміздің бауырларымыз карточкамызға ақша салып жатыр. Соның аманатын алып кеп табыстадық. Оның алдында да бүгін Казпоселок ауылында ұжымның атынан ұн алып келген болатынбыз 85 қап. Одан кейін күріш алып келдік. Әлі де ол жұмыс жалғасуда.