Түркияда 1 отандасымыз хабар-ошарсыз кетті

Түркиядағы 1 отандасымыдан хабар-ошар жоқ. Кахраман мараш қаласында тұратын қазақстандық әйел 6-ақпаннан бері байланысқа шықпаған.

Көршілерінің айтуынша, үй қираған кезде іште болған. Бұл жайында отандасымыздың әпкесі еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хабарлады. Қазір дипломаттар жоғалған азаматты іздестіруге кірісті. Ал Антакия қаласында опат болған Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің сүйегі ертең елге жеткізіледі. Тасымалдау шығынын мемлекет өтейді. Жер сілкінісінен зардап шеккен Сабина Мамадьярованың қолына кеше операция жасалды. Қазір ол Адана қаласындағы ауруханада. Жалпы кейінгі 4 күнде Түркияның Газиантеп, Мерсин, Кахраман мараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы қауіпсіз аумаққа шығарылды. Оның ішінде 58 отандасымыз репатриациялық рейстермен Астанаға жеткен.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Министрліктің жедел желісіне 1 мыңнан астам қоңырау түсті. Негізінен Түркия аумағындағы туыстарын табуға өтініштер түсті. Түркиядағы дипломаттарымызға осы бінрнеше күн ішінде 150-ден астам отандасымыздың орналасқан жерін анықтап, жақындарымен байланыс орнатуға көмектесті. Азаматтарымызға қажетті көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакия және Кахраман мараш қалаларына барды. Көптеген қазақстандықтар тұрғын үйлерінің бұзылуына байлаынсты құжаттарын жоғалтқан. Консулдық оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берді.

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек көрсетеді

Еліміз жойқын зілзаладан зардап шеккен Сирияға да гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. Ел Үкіметі бюджеттен 160 млн теңге бөлді. Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім мен төсек орын жеткізіледі. Бүгін бірінші ұшақ Алматыдан Сирияға ұшып шықты.