«7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады

Қолжетімді несие арқылы баспана алуға арналған «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

Бірақ биылға қарастырылған шектеу 100 млрд теңге көлемінде болмақ. Бүгін екінші деңгейлі банктердің бірі алғашқы өтінімдерді қабылдауын бастаған. Бірақ, ақпан айына арналған лимит 2-3 сағаттың ішінде бітіп қалды. Кешелі бері қаржылық ұйым алдын торуылдап, таң сәріден кезекке тұрған санаулы азаматтардың ғана өтінімі қабылданды.

Айта кеткен жөн, жыл басынан құны 11 млрд теңгеге несие қаражаты берілді. Соңғы 5 жыл ішінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша 66 мың азамат баспаналы болды. Өтінімдерді қабылдаудың келесі кезеңі 1-сәуірде басталады.

Наурызбай Құрманғазы, қала тұрғыны:

- Кеше «7-20-25» бағдарламасы бойынша түнгі сағат 00:00-де банкке бардым. Тізімге аты-жөнімді енгізу үшін мен барамын дегенше, халық 6-дан бастап жиналып, ауызбіршілік танытып тізім жасап қойған екен. Келген адамдар ақ параққа аты-жөнін жазып, толтырып жатыр. Мен сол жерде 41-ші болып тұрдым. Түбінде үлгермей қалдым. Лимит бітіп қалды.

Айбар Олжаев, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ менеджері:

- 25 млрд теңгеден әр тоқсанға біркелкі бөлінген. Қазіргі банктер сол 25 млрд теңге аясында жұмыс істеп жатыр. Өткен жылдың аяғында қабылданған көп өтінім бар. Банктер солар бойынша жұмыс істеді. Және осы жылдың басында да берілген өтінімдер болды. Сондықтан көп банкте жаңа өтінімдерді қабылдау функциясы жабық.