Ақтөбе облысына қарасты ауылдарда интернет мәселесі шешіледі

Келер жылы Ақтөбе облысындағы шағын мектептің барлығы интернет желісіне қосылуға тиіс.

Қазір өңірдегі мұндай 204 білім ордасының 120-сы ғана қамтылып отыр. Заманауи байланыс орнаса шалғайдағы оқушыларға сапалы білім беру әдісі де қолжетімді болмақ. Қазір облыста «БІЛІМ ALL» жобасы қолға алынған. Ақтөбенің 35 білікті педагогы алыстағы ауыл балаларына интернет арқылы дәріс беріп жүр. Бастама цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі тарапынан қолдау тапты. Өңірге жұмыс сапарымен арнайы келген министрлік басшысы Бағдат Мусин құзырлы органдардың қазір «Қолжетімді интернет» жобасын талқылап жатқандығын жеткізді. Оның аясында елдегі барлық елді-мекенді қамту көзделіп отыр. Сапалы байланыс орнаса ауыл халқы сапалы дәрігерлік қызмет те алады. Мәселен Қобда ауданына қарасты Талдысай ауылының медицина мекемесіне фельдшерлік рюкзак табысталған. Заманауи құрылғы бір мезетте 12 түрлі сынаманы зерттеп, сараптама қорытындысын шығара алады. Деректерді интернет арқылы ортақ жүйеге жүктесе елдің кез-келген білікті маманына көрсетіп, лезде тиісті ем-дом тағайындай алады.

Айнұр Жанұзақова, облыстық жедел жәрдем бекетінің фельдшері:

- Бұл кешеннің арқасында біздер алыс шалғайдағы ауылдық тұрғындардың қазіргі таңда медициналық орталықтарда диагностикалық жабдықтардың жоқтығын және дәрігерлердің жоқтығын шеше аламыз. Себебі бұл аппаратпен жұмыс жасауға арнайы маманның жұмыс жасауы керек етпейді. Кіші медперсонал жұмыс жасап, қорытындысын ала алады.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- 5 жылдың ішінде осы ауылдарға интернет тарту үшін 190 млрд жұмсалатын болады. Республикалық деңгейден ақша бөлініп, әр ауылға осындай интернетті оптикамен тартып. Ал қиын жерлерде орналасқанды, таулы жерлерде, басқа жерлерде оларға спутник арқылы беретін боламыз. Ал қалған жерлердің барлығына оптикамен тартып, сыммен беретін боламыз.