Өскеменде мектептерге жарылғыш қойылды деген хабар түскен

Өскеменде 26 бірдей мектепке жарылғыш қойылды деген суыт хабар түскен.

Іле-шала шаһардағы білім ордаларының жартысы тексеріс үшін қоршалып, оқушылар мен мұғалімдер үйлеріне қайтарылды. Полиция қызметкерлері мен жедел топ өкілдері арнайы операцияға кірісіп, білім ошақтарының іші-сыртын толық тексеріп жатыр. Осы уақытқа дейін 26 мектептің 16-сы толық қаралды. Ешқайсынан қауіпті зат табылмаған. Тексеру іздестіру шаралары одан әрі жалғасып жатыр. Мектептер шаһардың әр жерінде әрі түрлі ауқымды алып жатқандықтан арнайы жасақ өкілдері түнімен жұмыс істеуі мүмкін. Негізінен осындай сипаттағы оқиғалар соңғы уақытта жиілеп кеткен. Мәселен осыған дейін де полиция алты бірдей іс тіркеген. Бірақ барлығы да негізсіз болып шықты. Күдіктілер әлі ұсталған жоқ.

Медет Бердімұратов, ШҚО ПД бастығының орынбасары:

- ҚК 273 бабы бойынша тергеу әрекеттері басталды. Ұсталған жағдайда күдіктінің негізгі тартылатын жазасы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе шектеу болуы мүмкін, осындай жазалар көрсетілген.