Павлодарда әлеуметтік жәрмеңке өтіп жатыр. LIVE

Әр сенбі сайын Павлодар жұртшылығы фермерлік базарға ағылады. Қаңтар айында қолданысқа берілген жаңа нысанда ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 15-20%-ке арзан сатылады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- «Фермерлік» деп аты айтып тұрғандай, бұл жерге тауар өндірушілер аудандардан келеді. Елден жеткен тағамның дәмінде ғана емес, бағасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, жылқы етіне баға 2-2,5 мың теңге болып бекітілген. Сиыр еті 1900 теңгеден басталады. Өңделмеген күнбағыс майы 700-800 теңге болса, шикі сүттің бір литрі 190 теңгеден сатылып жатыр. Әсіресе жұмыртқаға сұраныс жоғары. Өңірді құс өнімдерімен Павлодар және Шарбақты аудандары қамтамасыз етеді. Осы екі ауданның құс фабрикалары 36 мың данадан жұмыртқа әкелген.

 

Жалпы, көктемге қарай азық-түлік, оның ішінде көкөніс бағасының  көтерілетіні заңдылық. Дәл осы кезеңде қымбатшылық қыспаққа алады. Оның алдын алу үшін өңірде тұрақтандыру қоры құрылған. Онда жалпы көлемі 7,3 тоннаны құрайтын әлеуметтік маңызға ие 12 түрлі өнім сақталған. Күнделікті халық тұтынатын тауарлар әлеуметтік дүкендерде сатылады. Облыс бойынша олардың саны 246-ға жетіпті.

Бұл жолғы жәрмеңкеге Тереңкөл, Павлодар, Аққулы, Успен аудандарының тауар өндірушілері қатысып жатыр. Успен ауданы шикі сүт, өңделмеген күнбағыс майын көптеп әкелген. Тереңкөл мен Аққулы ауданы ет өнімдеріне басымдық беріпті. Павлодар ауданы облысты көкөніспен  қамтамасыз етеді. Жәрмеңке әр сенбі сайын ұйымдастырылады. Ең бастысы, мұнда тауар өндірушімен тұтынушы арасында жүретін делдалдық қызмет жоқ. Сонысымен ұтады.