Маңғыстау облысында әлеуметтік осал топтағылардың бизнес жобалары қолдау табады

Маңғыстау облысында көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан азаматтар бизнес ашып, өз бетімен табыс тауып жатыр. Олар мемлекеттен 1 млн 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз ақша алған. Әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарды қолдау биыл да жалғасады. Осы мақсатта 252 грант бөлінді. Осылайша, аймақта жеке іс бастап, жаңа жұмыс орындарын құруға ниетті кәсіпкерлердің санын көбейту жоспарланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Айгүл Шоңқалова – 5 баланың анасы. Үйде отырған келіншек былтыр бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 1 млн 225 мың теңге грант ұтып алды. Ақшаны аниматорларға арналып тігілген киімдерді сатып алуға жұмсапты. Мультипликациялық кейіпкерлердің костюмдерін Алматыдан алдыртқан. Қазір бірнеше студентті жұмыспен қамтып отыр. Олар мерекелік және жанұялық салтанатты шараларда қызмет көрсетеді.

Айгүл Шоңқалова, кәсіпкер:

- Жаңажылдық кештерге көп шақырылдық. Баланың мерекелік шарасына, бөбекжайларға көп барамыз. Соның арасында қайырымдылық ретінде балалар үйіне де барып тұрамыз. Кез келген бизнеспен айналысуға болады. Мемлекеттен қолдау бар.

Әлеуметтік осал топқа жататын маңғыстаулықтарға грант үлестіру енді басталады. Бұл туралы хабарлама өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сайтында жарияланады. Конкурсқа қатысуға ниетті адам кәсіпкерлік курсын аяқтауы керек. 14 күндік бизнес сабақты онлайн оқуға да болады. Бұдан соң электронды портал арқылы өтінім беруге тиіс.

Досан Жеткізген, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Грант бір-ақ рет беріледі үміткерге. Арнайы комиссия шешім қабылдайды. Осал топтардың санаттары бар. Оның ішінде мүгедектер болуы мүмкін. Аз қамтылған отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар тұрғылықты мекенжайы бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады.

Маңғыстау облысында былтыр бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, 990 тұрғын грант иегері атанды. Әсіресе ауылдық елді мекендерде тігін шеберханасы, кондитерлік цех және қоғамдық тамақтану орындарының саны артқан. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.