Қарағанды облысында 100 спорт нысаны салынады

Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Шахтер ауылында жаңа хоккей корты пайдалануға берілді. Бұл – шағын ғана елді мекенде салынып отырған 3-ші спорт нысаны. Мұнда жүзу бассейні, дене шынықтыру сауықтыру кешені бар, енді оған мұзайдыны қосылды. Жалпы, биыл облыста барлығы 100 спорт нысаны салынады. Оның басым көпшілігі ауылдық жерлерде бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Шахтер ауылының жастары енді жабық мұзайдында жаттығады. Бұған дейін далада ойнап келген. Команда мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Нысанның құрылысына қазынадан 158 млн теңге қаржы бөлініпті. Жаттығудан бөлек, мұнда аптаның 3 күнінде жергілікті тұрғындар да сырғанақ тебетін болады. Қазір елді мекенде мыңнан астам халық бар. 

Мирас Омарбек, Шахтер аулының тұрғыны:

- Мұз теп-тегіс, кешке қарай жаттығудан соң өзіміз тазалап отырамыз. Бұрын аязды күндері далада ойнауға тура келетін. Ал мұнда жылы. Киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері бар. Өте ыңғайлы жасалған.

Биыл Қарағанды облысында 100 спорт нысаны салынады. Көпшілігі ауылдық жерлерде. Дене шынықтыру сауықтыру кешендері көбейгендіктен, енді бассейндерге басымдық берілмек. Мамандардың айтуынша, жыл сайын бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 5-6 млрд теңге қаражат бөлінеді екен.

Ерназар Хасенов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

- Біз спорт кешендерінің қамтылуын кішкене жауып, енді бассейндердің салынуына көзқарасымызды бұрып жатырмыз. Өйткені қазіргі таңда халықты спорт нысандарымен қамту 64,8% болса, былай бөліп қарағанда, спорт залдар бойынша 100%-тен асып тұрмыз, бассейндер 23-ақ процент.

Бүгінгі күні Қарағанды облысында барлығы 2872 спорт нысаны болса, соның 980-і ауылдық жерлерде орналасқан. Осылайша, өңір ел бойынша алғашқы үштікке еніп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.