Қасқырларға электронды қарғыбау тағылады

Қасқыр неге қолға үйренбейді? Түз тағысының өзге аң-құстан қандай артықшылығы бар? Қайда мекендейді? Нені қорек етеді?

Мамандар қасқырды түбегейлі зерттеуге кірісті. Басты аймақ Науырзым мемлекеттік қорығы. Дерек негізінен әр жерде фото, бейне камералар қою арқылы жүргізіледі. Сосын электронды қарғыбау тағып, сол арқылы көп дүниені білу. 

Қасқырды зерттеу жұмыстары Науырзым қорығының орталық бөлігінде жүргізіледі. Әр жерде жиырма шақты мамандар тілімен айтсақ фото түзақтар қойылған. Қасынан өткен аң-құстардың бәрі таспаға жазылады.  Екі-үш жыл бұрын спутник арқылы бақылау үшін  бір аналық қасқырға  электронды қарғыбау тағылған еді. Бірақ одан нәтиже болмады. Қасқыр да, қарғыбау да жоғалып кетті.  

Георгий Тимошенко, Қазақстанның биоалуан түрлілігін сақтау қауымдастығының өкілі:

- Электронды таңбаланған қасқырлар көбіне аңшылардың нысанасына ілігіп жатады. Ал қорық аумағында ондай келеңсіздікке жол берілмейді. Сондықтан электронды қарғыбау тағылған қасқырлар бұл жерде ұзақ жасап, нақты зерттеу нәтижелеріне қол жеткіземіз деген ойдамын.

Жыртқыш аңның санын нақты айтпағандарымен, мамандар Науырзым қорығында шамамен 30-40 қасқыр бар деп топшылап отыр. Олардың үйірмен, жұптасып, жеке жүретіндері бар. Әр үйір өз аумағына ие. Бөтен қасқырды жолатпайды. 

Еламан Күмісбеков, Науырзым мемлекеттік қорығы директорының орынбасары:

- Қаңтар айында жүргізілген жұмыстардың асында кішкене қорытынды жасайтын болсақ, Науырзым қорығының орталық учаскесінде, яғни мынау Бетағаш орманшылығы Науырзым орманшылығы арасында  сол орталық учаскеде бес бас қасқыр бар.  Одан кейін жұп қасқырлар да кездесті. Одан кейін жалғыз дара қасқырлар да кездесті. Жалпы саны қауымдастықпен жұмыс істеген арада жалпы саны тұрақты болып тұр.

Соңғы үш-төрт жылдың санағы бойынша елік, бұлан, қабан сияқты тұяқты сүтқоректілердің санында да ауытқушылық жоқ. Ал биылғы зерттеу жұмысының қорытындысы екі аптадан кейін шығарылады.

Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг