Жетісуға жер-жерден құсбегілер жиналды

Жетісуға жер-жерден құсбегілер жиылды. Бұлар жастар. Яғни Ұлттық өнер сайысына елдің 11 облысынан 8 бен 21 жас аралығындағы 70-ке жуық құсбегі келген.

Ата салтын жағыртып, қолына қыран қондырған жастардың өнерін тілшіміз Шыңғыс Қалиден көріп қайтты. Біз де көрейік. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Бабадан қалған бекзат өнер сайысы үш күнге жалғасады. Осы уақыт ішінде құсбегілер қыранын шырғаға салып, қолға шақырып, аңға жібереді. Осылайша бүркіттің қырағылығы, алғырлығы сыналып бабы байқалады.

Тұрсынтай Тоқтасынұлы 14 жасынан бері бүркіт баптап келеді. Алпыстың асқарына шыққан ақсақал салт-дәстүр сабақтастығын сақтап бүгінгі жарысқа ұлы мен немересін қырандарымен қатыстырып отыр. 

Тұрсынтай Тоқтасынұлы, құсбегі:

- Қазақ елінен айналайын, келіп балаларымды ертіп, құсты қайта қолға алдық қой.  Құйрық, қанатын сындырмай, уағында тамағын беріп, осы тәрбиемді екі балама беріп отырмын.

Жарыстың алғашқы кезеңінде ең жақсы нәтиже көрсеткендердің бірі

Әлғазиз Ғалымбекұлы. 13 жастағы құсбегі Талдықорғандағы ұлттық спорт мектебінің оқушысы. Бірінші рет республикалық додаға қатысқан  жасөспірімнің қыраны қолына тура келіп қонды.  

Әлғазиз Ғалымбекұлы, жас құсбегі:

- Қуаныштымын бүркіттің келгеніне. Қолыма келіп қонғанда күшті әсер алам. Бүркіт ерекше қасиетті құс. Оны күтіп баптау керек. Бүркіт семіз болып бара жатса ақ жем береміз, арық болып бара жатса қызыл жем береміз.

Бүркіт еркіндік пен қайсарлықтың символы. Себебі қанша күтім көрсетіп баптаса да көк аспанда қалықтап самағағанды қалап тұрады. Жарыс барысында Маңғыстау облысының қыраны құсбегілердің қолға шақырып, шырға тартқанына қарамай тауға қарай ұшып ұстатпай кетті.

Бүркітпен қатар бұл сайыста ителгі, қаршығаның да қарымы байқалды. Шығыс Қазақстан облысынан келген 12 жастағы Динара Самғат қатысушылар арасындағы жалғыз қыз бала. Жасөспірім мұндай жарыста алғаш рет бағын сынап көрмек.  

Динара Самғат, жас құсбегі:

- Бұл құсбегілік менің жеті атамнан келе жатқан өнер. Бұны әкемнен, ағамнан үйреніп осы жарысқа өз үлесімді қоссам деймін. Тыңғылықты дайындадым, бастапқы үш күнде ұйқысын алып, қолымнан түсірмей жүрдім. Соңынан кейін шақыруға бардық аздап-аздап сосын қоянға салдық, кептерге үйреттік.

Құсбегіліктің үш мың жылдық тарихы бар. Көне дәстүрді дамыту үшін облыста «Жетісу саятшылары» федерациясы құрылды. Оның құрамына 20-дан аса құсбегі кірді. Ұлттық спортты ұлықтағандар тұтас саятшылық өнерді насихаттауға ден қойып отыр. 

Бүркітбай Файзолла, облыстық "Жетісу саятшылары" федерациясының президенті:

- Бұрын бүркітпен ғана айналысқанбыз енді тазышылықты да спорт ретінде дамыту негізгі мақсатымыз, тазының тұқымын жақсарту, қыранды таңдап біліп, сол өнерімізді туристік бағытта да пайдалану. Қазақтың салт дәстүрін насихаттауға жұмыс жасаймыз.

«Жетісу саятшылары» федерациясы жексенбі күні жеңімпаз атанған құсбегілерді марапаттайды. Дәрежесіне қарай спорттық атақтарын тапсырады. Ал бір аптадан соң Талдықорғанда тазылар жарысын өткізіп, күзде «Салбурын» ұйымдастырмақ.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев