Павлодар облысында тоғандардағы балықты құтқару шаралары басталды

Мамандар толықтай қатып қалуы мүмкін шағын көлдерді барлайды. Себебі таяз судағы тіршілік иесіне ауа жетпей қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Ғылыми топ өкілдері алдымен судағы оттегінің деңгейі мен температурасын өлшейді. Қазіргі көрсеткіш 1 дециметрге шаққанда небары 3 миллиграмды құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл – төмен көрсеткіш. Яғни, балықтар қырылудың шақ алдында.

Балық инспекциясының мамандары дереу іске кірісті. Басты мақсат – су айдынын оттегімен қамтамасыз ету. Ол үшін осындай шұңқыршалар қазылып, ауа жеткізіледі. Тиісті шаралардан соң оттегі көрсеткіші артты.

Қуат Тұрсынханов, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Алтай филиалының кіші ғылыми қызметкері:

- Аэрация шараларын жүргізу барысында көлдегі оттегі деңгейі артты. Нақтырақ айтқанда, куб дециметрге шаққанда 6-7 миллиграмды құрады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Балықтарды оттегімен қамтуға жеткілікті. Қарапайым әдістер мен құтқару шаралары нәтиже береді. 

Черное көлінде тұқы, сазан, шортан, алабұға сияқты балықтың бағалы түрлері тіршілік етеді. Қазіргі уақытта су тоғанының тереңдігі – 2 метр. Жергілікті халық қысы-жазы балық аулайды. Бірақ су маржандарына қамқорлық көрсетіп, табиғатты аялайтындар жоқ. 

Василий Павлов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейні инспекциясының бас маманы:

- Өкінішке қарай, жергілікті балықшылардан көмек жоқ. Бұны тұтынушылық қарым-қатынас деп білеміз. Мемлекет тарапынан оларға 5 келі балық аулауға рұқсат береді. Тұрғындар келіп, су маржандарын аулайды. Ал табиғатқа қамқор болуды білмейді. Бірнеше шұңқырша қазып кету қиын емес қой.

Мамандардың айтуныша, балықтың жаппай қырылуына 2 себеп бар. Біріншісі, гидрологиялық режимнің бұзылуы. Екіншісі, балдырлардың қаптап кетуі. Соның салдарынан балыққа ауа жетпей, тұншығып қалады. Жағдайдың алдын алу үшін құтқару жұмыстары үнемі жүргізілу керек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар ауданына қарасты бұл көлде балықтың қырылу деректері соңғы рет 3 жыл бұрын тіркелген. Инспекция мамандары көлшіктің жағасынан 15 келідей балық жинап алған. Сол сәттен бері аэрациялық жұмыстар, яғни құтқару шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Бүгінгі таңда балық қырылуы ықтимал 50-ге жуық су айдыны тіркелген. Олардың әрқайсысы балық инспекциясы мамандарының жіті назарында.

Авторлары: Ақмарал Есімханов, Жеңіс Темірболат..