Ақтөбеде ауыл жастары кәсіпкерлік негіздерін оқып жатыр

Алысқа ұзамай-ақ, өз үйіңнің жанында қандай кәсіп қылуға болады? Жұмысты неден бастау керек? Ақтөбеде ауыл жастарын кәсіпкерлікке баулитын «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Оқу ақысыз. Жастар тек теориялық білім алып қана қоймайды, тәжірибелі кәсіпкерлердің бизнесін көріп, ақылын тыңдайды. Кеңес алады.     

Темір ауданының тұрғыны Мақсат Тасболат – кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп жатқан жастардың бірі. Ауылдағы қорасын малға толтырып, өнімін нарыққа шығару оның көптен бері арманына айналған. Алайда ойды іске асыру үшін қаражаттың аздығы мен бизнес жүргізуде тәжірибенің жоқтығы әзірге қолбайлау болып отыр. Дегенмен 26 жастағы Мақсат биыл бұл мәселені толық шешетінінен үмітті.

Тасболат Мақсат, Темір ауданының тұрғыны:

- Бұл семинардың маған үйреткені өте көп. Бизнесті қалай бастау керек? Неден бастау керек? Ең пайдасы тиген зат, бізге белгілі үлкен кәсіпкерлердің қателігінен біздер сабақ алып жатырмыз. Алдымыздан қандай қиындықтар шығу мүмкін екенін, одан қалай шығуға болатынын, сол жайлы көп-көп пайдалы ақпараттар алдым өз басым.

 

Мақсат секілді ауыл жастары қазір туған жерде бизнес ашудың қыр-сырын үйреніп жатыр. Курсқа негізінен жұмыссыз жүрген азаматтар іріктелініп алынған. Оларға елді мекенде төрт түлік бағып, өнімін өткізуден өзге сауда-саттық, қызмет көрсету, өсімдік шаруашылығы, зертхана ісі секілді көптеген кәсіп түрлері насихатталып жатыр. Дәріс алып қана қоймай, бизнес жүргізіп отырған өздері секілді жастардың ісімен де танысып жатыр. Олардың тәжірибесін көріп, таңғалып жатыр.

Жанат Оразалиева, Алға ауданының тұрғыны:

- Қандай шаруашылықтармен айналысуға болатынын көзіммен көргеннен кейін мен енді сол шаруаны ауылымда бастағым келіп отыр. Ауылда ақша табуға көп мүмкіндік бар дегенге көзім жетті.

Бұл бастаманы іске асыру үшін ауылдың ахуалына әсер етуі тиіс 3 бағыттан тұратын арнайы бағдарлама әзірленген. Соған сәйкес курсқа қатысушыларға бизнес нұсқаушылардан өзге, психолог және қаржы саласынан тәжірибесі мол мамандар да білім беріп жатыр.

Дәулет Боранғали, бағдарлама жетекшісі:

- Бағдарлама жасамас бұрын біз әлемдік тәжірибені зерттедік. Аты айтып отырғандай – дем. Дем беру, демеу. Яғни, жастарды қолдау. Осы «ауыл аманатына» дейін жеткізетін бағдарлама. Баланы толықтай дайындап, психологиялық тұрғысынан, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан дайындау керек. 2,5% ала қой, бизнес ашу емес, ауылдың алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, ауылды көркейту мақсатында.

Жұмыссыз жастарды кәсіпкерлікке баулуға арналған оқыту ісі жыл соңына дейін жүрмек. Бір бөлігі онлайн түрде өтеді. Нәтижесінде қатысушылардың үздік деп танылған жобаларын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру мүмкіндігі тумақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.