Оралда әкелер форумы өтті

Оралда әкелердің облыстық форумы өтті. Мазмұнды шара ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дамытуға арналды. 

Форум шеңберінде алдымен қолөнершілер мен суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар ұлттық ойындар дәріптелді. Ал ашық пікір алаңында сан саланың мамандары тәжірибесімен   бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Ювеналды полиция басқармасының мәліметінше, жыл басталғалы шаһарда түрлі бұзақылыққа қатысты 306 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілген. Олардың 95-і қыз бала. Жасөспірімдерді үйге алып кетуге әкелердің 28%-і ғана келген екен. Сонымен қатар профилактикалық есепте 80 бала тіркелген болса, соның 35%-і толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Форумда мамандар әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп, ұлттық болмысты тәрбие құралы ретінде пайдалануға үндеді.

Ришат Нәдірғожин, шебер:

 -Оқушыларды көбінесе осы өрімшілік, қолөнер бағытында, ұлттық өнерді жаңғырту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Қамшы өру ғана емес, сонымен қатар ат әбзелдерінің жүген, ноқта түю, сонымен қатар шідер, оның не екенін, айыл-құйысқан дегеннің не екенін балаларға қазіргі таңда дәріптеп жатырмыз. 

Луара Батырғалиева, БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Балалардың арасында келеңсіз жайттардың барлығын, соның ішінде әлеуметтік желінің әсеріне қатысты да ой қозғалады. Отбасының тауқыметімен вахтада жүретін әкелеріміз бар, жұмыста таңнан кешке дейін жүретін әкелеріміз бар. Сол орайда, ең болмаса, келгеннен кейін бірнеше мезгіл уақытымызда баламен сөйлесуіміз керек, оның ішкі дүниесіне үңілуіміз керек. Ақпан айын біз әкелерге арнасақ, келесі наурыз айында біз аналарға арналған осындай шара өткіземіз.