Жамбыл облысында жер телімін онлайн таңдауға мүмкіндік бар

Жамбыл облысында жер телімін онлайн таңдауға мүмкіндік бар

Жамбыл облысында бос жер телімін онлайн түрде таңдауға мүмкіндік бар.

Өңірдің геоақпараттық жүйесіне Тараз қаласы мен 10 аудан орталығының бас жоспары енгізілді. Яғни сол аумақтан тұрғын үй мен бизнес нысанын салуға арналған телімдерді таңдауға болады. Сонымен қатар жүйе арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді де көруге болады. Осылайша тұрғын бос жерді табу үшін бұрынғыдай салалық бөлімдерді аралап табан тоздырмайды. Платформа берілген жерлердің игерілуін де мониторинг жасайды. Геопорталдың тағы бір артықшылығы – мұнда сәулет саласына қатысты 6, жер қатынастарына қатысты 8 мемлекеттік қызмет қамтылған.

Темірғалы Балтабаев, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

- Бұл қызметтер негізі қазір «егов» дейміз ғой. Сол жүйеде де болған. Бірақ ол жерде бұрынғы алынған деректер сақталмайтын. Одан кейін барып, ол жердің астында не өтіп жатыр, үстінен не өтіп жатыр, қандай инфрақұрылым бар қасында? Мысалы, газ бар ма су бар ма? Ондай мәліметтер болмайтын. Одан кейін ол қызыл сызық нормасын сақтап тұр ма ол жерлер, сақтамай тұр ма? Ондай деректер болмайтын. Ал енді осы геопортал арқылы, сол деректерді  онлайн түрде үйде отырып көру мүмкіншілігі бар.