Елімізде балалар арасында әлімжеттік белең алып жатыр

Елімізде 7 мыңға жуық мектеп пен колледжде буллингтің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оған арнайы ереже әзірленген. Мұны Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады. Ал Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, көбіне 11 жастағы балалар физикалық немесе психологиялық қысымға тап болады екен.

Петропавлда 9-шы сынып оқушысы өзінің қатарластарына балта мен пышақ ала жүгіріп, шабуыл жасаған. Бұл жағдай тек мектептегілерді емес, бүкіл елді дүрліктірді. Жасөспірімнің мұндай әрекетке баруына не түрткі болғаны,  жалпы жағдайдың мән-жайы қазір анықталып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Екатерина Гречанникова, психолог:

- Баланың мұндай реакциясына әртүрлі фактор әсер етуі мүмкін. Ол оның ортасына да байланысты болады. Немесе сәтсіздікке ұшыраған бір жағдайға тап болып, салдарынан осындай әрекетке баруы да мүмкін.

Жалпы, қоғамда «буллинг» деген түсінік белең алған. Яғни, кемсіту, қорқыту, қысым жасау. Оған кез келген сыныптағы оқушы ұшырауы мүмкін. Ол балалар мен жасөспірімдер тобының өздерінен ерекшеленетін баланы шеттетуден басталады екен. Ал қысым көрген оқушының мінезі, ойлау жүйесі, сырт келбетінде қандай да өзгешелігі болуы мүмкін. Халықаралық сарапшылар буллингке әсіресе қыздардың жиі ұшырайтындығын алға тартады. Мұндай жағдай орын алса, бірден шара қолдану керек, - дейді балалар омбудсмені.

Халида Әжіғұлова, балалар омбудсмені:

- Буллинг – кез келген мектепте болатын жағдай. Оны жоққа шығаруға болмайды. Көбіне мектеп басшылығы мұндай жағдайларды назарға алмай, жасөспірімнің еркелігіне балауы мүмкін. Бірақ жағдайдың ушығып кетуі ықтимал. Сондықтан шара қолдану керек. Әйткенде, соңы кісі өтруге алып келуі мүмкін.

Оқу-ағарту министрлігі буллингті алдын алудың арнайы ережелерін әзірледі. Қазір еліміздің бірқатар өңіріндегі мектеп және колледж қызметкерлері мен ондағы балалардың ата-аналары өзара онлайн кездесу ұйымдастырып жатыр. Сондай-ақ білім ордаларында қысым мен кемсітуге ұшыраған баланың өтініштері тіркелетін «тіркеу журналының» болуы міндеттеліп отыр.

Тимур Қастуғанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

- Арнайы ережелердің мақсаты – балаларды буллингтен қорғау. Жыл басынан бері біз осы стандартты іс жүзінде қалай қолдану керектігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кеттік. Нақтырақ айтсақ, мұғалімдер, жалпы білім беру саласындағы қызметкерлер, сондай-ақ ата-аналармен жұмысты жүйелі түрде жүргізіп жатырмыз. Балалар буллингке ұшырағаны туралы мұғалімге шағым айтып келсе, бұл жағдайда не істеу керек? Міне, осы мәселер бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Ұлттық денсаулық сақтау орталығының зерттеулеріне сәйкес әрбір бесінші жасөспірім мектепте кем дегенде 1 рет булингке ұшыраған. Көбіне 11 жастағы балалар физикалық немесе психологиялық қысымға тап болады екен. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдердің балалармен ашық диалог құрып, оны мазалайтын мәселелері бойынша жиі сөйлесуі керек, - дейді мамандар.

Авторлары: Альмира Оразбай, Сабина Балашкина, Мұрат Әріпханов.